Спорт • 19 Наурыз, 2020

Хабиб пен Фергюсон жекпе-жегі 5-ші рет өтпейтін болды

257 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аралас жекпе-жектің жұлдыздары ресейлік Хабиб Нурмагомедов пен АҚШ өкілі Тони Фергюсон арасындағы 18 сәуірге жоспарланған айқасы осымен бесінші рет өтпейтін болды.

Хабиб пен Фергюсон жекпе-жегі 5-ші рет өтпейтін болды

Дәлірек айтар болсақ, екі спортшы арасындағы жекпе-жек коронавирус індетіне байланысты белгісіз мерзімге шегерілді. Бұл туралы бүгін UFC басшылығы хабарлады. Ұйымның таратқан ақпараты бойынша, АҚШ-тың Бруклин қаласындағы Barclays Center аренасында өтуі тиіс болған кездесу Нью-Йорк штатының Атлетикалық комитеті шешімімен кейінге қалдырылған. Қазір АҚШ-та адамдар көп жиналатын іс-шаралардан бас тартып жатыр. Жекпе-жектің енді қай қалада және қай уақытта өтетіні белгісіз. Дегенмен ұйымдастырушылар жанкүйерлер сатып алған билеттің толық құнын қайтарып алатынына сендірді.

Осыдан бірер күн бұрын UFC басшылығы 21 мен 28 наурызға және 11 сәуірге жоспарланған үш ірі турнирдің өтпейтінін мәлімдеген-ді. Ал ұйым президенті Дана Уайт Хабиб пен Фергюсон жекпе-жегін дәл уақытында өткізуге мүдделі болған еді.

Аралас жекпе-жек жанкүйерлерінің есінде болса, осыған дейін екі спортшы арасындағы айқас 4-ші рет өтпей қалған болатын. Ең алғаш екі файтер 2015 жылы кім мықтыны анықтау керек болған. Бірақ ресейлік спортшы жарақатына байланысты кездесуден бас тартты. Ал 2016 жылғы жекпе-жек АҚШ спортшысының жарақатына байланысты кейінге қалдырылды.

Арада бір жыл өткенде екі спортшы тағы да айқас өткізуге уағдаласты. Жекпе-жекке бір күн қалғанда Хабиб салмақ қуамын деп ауруханаға түсіп қалды. 2018 жылғы кездесу енді Тонидің жарақатына байланысты тағы да кейінге қалдырылды. Ал екі спортшы арасындағы бесінші айқасына жарақат емес, әлемді жалмаған коронавирус індеті себеп болды.