Аймақтар • 19 Наурыз, 2020

ЖОО оқытушыларының жалақысы үздіксіз төленеді

194 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев мәлімдеді.

ЖОО оқытушыларының жалақысы үздіксіз төленеді

Маңғыстауда бүгінгі таңда COVID-19 коронавирус пандемиясының білім беру ұйымдарында таралуының алдын-алу мақсатында келесі жұмыстар жүргізілуде:

  • 16 наурыздан бастап барлық мектептердегі көктемгі каникул мерзімі 1 аптаға ұзартылды. Барлық оқушылардың ТЖБ, БЖБ жинақталып, тоқсандық бағалары шығарылды;
  • 16 наурыздан бастап барлық колледждер мен жоғарғы оқу орындары қашықтықтан оқыту тәсіліне көшірілді;
  • Арнайы білім беретін мектептердің жұмысы тоқтатылды;
  • Қосымша білім беру мекемелеріндегі үйірмелер, спорттық және басқа да секциялардың жұмысы тоқтатылды;
  • Балалар ауылына карантин енгізілді;
  • Балабақшалар штаттық режимде жұмыс істеуде, алайда балалардың қатысы ерікті. Бүгінгі таңда балабақшаға балалардың жалпы контингентінің 46,5% қатысып отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, білім саласындағы мемлекеттік қызметкерлердің 70% жуығы қашықтықтан жұмыс істейтін форматқа көшеді, олардың арасында еңбек демалыстарына шыққандар да бар. Мектеп мұғалімдерінің жалақылары каникул кезіндегі есептемелермен жүргізіледі, колледждер мен жоғарғы оқу орындары оқытушыларының жалақылары үздіксіз төленеді. Қазіргі кезеңде жұмысы тоқтатылған қосымша білім беру ұйымдары мен ПМПК, КППК қызметкерлерін ақы төленетін еңбек демалысына жіберу мәселелері қарастырылуда. Ата-аналары балабақшаларға балаларын апармауды ұйғарған топтарда жұмыс істейтін балалабақша тәрбиеленушілеріне де ақылы еңбек демалыстары беріледі.

- Білім және ғылым министрлігі тарапынан 6-сәуірден бастап мектеп оқушыларын онлайн оқытуға көшіруге жұмыстанатын жұмыс тобы құрылды. Осыған байланысты көптеген мәселелер де туындап жатыр. Ауылдық жердегі интернет жылдамдығы, интернет ресурстары, оқу материалдары, компьютер т.с.с сияқты мәселелер. Бірақ оның барлығын министрлік 6-сәуірге дейін анықтайды. Барлық жағдайлар ескеріледі. Білім беру ұйымдарына тапсырма берілетін болады, - дейді А.Сейдалиев.

Айта кетейік, қазіргі таңда әлеуметтік желілерде мектеп оқушыларының мектепте, дүкендер мен қоғамдық көліктерде жүргені үшін олардың ата-аналарына айыппұл салу бойынша рейдтік шаралар туралы ақпарат таратылуда. Бұл – жалған ақпарат.

Сондай-ақ, Маңғыстау облысы білім сапасын бақылау департаменті 2020 жылдың I жартыжылдығында 20 білім беру ұйымдарында профилактикалық бақылау жүргізуді жоспарлады. Ағымдағы жылдың қаңтар, ақпан, наурыз айынан бастап осы мерзімге дейін (төтенше жағдайға дейін) 8 білім беру ұйымы тексерілді.

- Төтенше жағдайға байланысты, біз жоспарлап қойған бақылаудың бәрін әзірге тоқтата тұрдық. Бірақ мониторинг топ болып, ЖОО мен колледж студенттерінің қашықтықтан оқуға мүмкіндіктерін тексердік. Және қашықтықтан оқуға мүмкіндік барын анықтай алдық, - дейді департамент басшысы Ө.Есболат.

 

Маңғыстау облысы