Президент • 20 Наурыз, 2020

«Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу»

560 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елді басқару тізгінін қолына алып, президенттік қызметіне кіріскеніне бүгін тура 1 жыл толды.

«Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу»

Қасым-Жомарт Кемелұлы  жуыр­да твиттер парақшасында: «Бір жыл бұрын аса көрнекті мемлекет қайраткері, жаһан­дық деңгейдегі саясаткер Н.Назарбаевтан ел тіз­гінін қолға алу мәртебесі бұйырды. Мем­лекетіміздің негізін қалаушы – Елбасы стратегиясының сабақ­­тас­тығын жүзеге асыру үшін көп жұ­мыс атқарылды...» деп жаз­ды. Ра­сында, сол тарихи кезеңдегі Елба­сының таңдауы­нан кейін көп ұза­май өткен сай­лау қорытындысы бойынша Қазақстан халқының басым бө­лігі (70,96%) Қасым-Жомарт Ке­мелұлының кандидатура­сына қолдау білдіріп, дауыс берді.

Қасым-Жомарт Кемелұлының сол 2019 жылдың 20 наурызынан бері қабылдаған шешімдері, өткізген кездесулері мен қабыл­дау­лары, жалпы атқарған жұ­мыс­тары түгелдей бұқаралық ақпарат құ­ралдарында жарияланып отырды.

Естеріңізде болса, Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің сай­лауалды бағдарламасын «САБАҚ­ТАСТЫҚ. ӘДІЛДІК. ӨРЛЕУ» деп атап,  өзінің негізгі үш ұстанымын жариялаған болатын. Осы басты қағидаттарды ұстанған Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі Мемлекет бас­шы­сының осы уақыт аралығында әртүрлі деңгейдегі мінберлерден сөйлеген сөздерін жинақтап, 1 жылдық жұмыстың қорытындысы ретінде «САБАҚТАСТЫҚ. ӘДІЛДІК. ӨРЛЕУ» деген атпен 4 томдық жинақ шығарып отыр. 

Бұл кітаптарда Мемлекет бас­шысының әртүрлі іс-шараларда сөйлеген 76 сөзінің толық мәтіні жинақталды.  

Бірінші кітапқа Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді да­мыған елдердің қатарына қосу мақ­сатымен қолға алған бастамалары және халықтың жарқын болашағы үшін жүзеге асырылатын жобалар туралы ой-пікірлері, мемлекеттің алдында тұрған басым бағыттары мен міндеттерін айқындауға арналған жалпыұлттық іс-шараларда сөйлеген сөздері енгізілді. 

Екінші кітапқа Мемлекет басшысының өңірлердегі жұртшылықпен кездесу өткізіп, ел мен жердің тағдыры, саяси өзгерістер, экономикадағы серпін, әлеуметтік жауапкершілік және басқа да қоғам өмірі туралы ой-толғамдары, еліміздің алдында тұрған басым бағыттар мен міндеттер жөнінде сөйлеген сөздері топтастырылды.

Үшінші кітапқа Қазақ­стан Президентінің шет мем­ле­кеттердің басшыларымен кездесулерде, әлемдік саммиттер мен халықаралық форумдарда сөйлеген сөздері жүйеленіп топтастырылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан Пре­зиденті қызметіне кіріскеннен кейін бірнеше айдың ішінде Ресей, Қытай, АҚШ және Еура­зияның басқа да көптеген елінің көшбасшыларымен байланыс орнатып, шетелдерге бірнеше мемлекеттік, ресми және жұмыс сапарын жасады. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Еуразиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының саммиттеріне қатысты. Аталған жиындарда халықаралық саясаттағы Қазақстанның орны, ұстанымы туралы мәлімдемелер жасады.

Төртінші кітапқа Қазақстан Президентінің бір жыл ішіндегі отандық және шетелдік бұқара­лық ақпарат құралдарында жария­ланған мақалалары мен сұхбат­тарында, БАҚ өкілдері үшін өткізген брифингтерде еліміздің шет мемлекеттермен арасындағы байланыстарға, халықаралық және ішкі саяси мәселелерге қатысты айтқан ой-толғамдары енді. Сондай-ақ кітаптың соңында 8 сұхбат пен 2 деректі фильмнің бейненұсқасы  флеш-картаға жүктеліп, қоса беріліп отыр.

Міне, Қазақстан Президентінің баспасөз қыз­меті Мемлекет бас­шысының бір жылғы атқар­ған жұмыстарының жалпы қоры­тындысы ретінде осы 4 томдықты қалың бұқараға ұсынып отыр. Кі­тап саясаттанушылардың, жур­налистердің, зерт­теушілердің және жалпы, кез келген ізденуші аза­маттың талғамына сай келеді деген үміттеміз.