Кеше таңертең Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп Алматыға 15 наурызда Мәскеуден келген Ресей азаматының жұқпалы дертпен тіркелгенін хабарлады. 1979 жылғы науқас карантинге жатқызылды.
Түстен кейін Д.Ахметшәріп Нұр-Сұлтан қаласында тағы 7 науқастың анықталғанын айтты. Ресми өкілдің хабарлауынша, олардың барлығы 25-52 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары. Бұлар бұрын ауырған адамдармен байланыста болған. «Қазір олар стационарда. Карантинде емделіп жатыр. Жағдайлары жақсы», деді ол.
Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова бас қалада коронавирус жұқтырғандармен жақын байланыста болған адамдардың бәрі анықталғанын айтты. «Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырғандармен жақын байланыста болған адамдарды, яғни отбасы мүшелерін және ұшақ бортында екі орындық бойынша қашықтықта болғандарды анықтау жұмысы аяқталды. Қазірге дейін Нұр-Сұлтан қаласының стационарларына 138 адам ауруханаға жатқызылды. Елордадан шығып кеткендер өңірлердегі ауруханалар мен инфекциялық стационарларға жатқызылды. 323 адам үй карантинінде. Соңғы тіркелген науқастар бұрын коронавирус анықталған адамдармен байланыста болған адамдар. Олар бірден үй карантиніне оқшауланып, оларға лабораториялық зерттеу жүргізілді», деді ол.
Сонымен кеше кештегі ақпарат бойынша елімізде індет жұқтырғандардың саны Алматы қаласында – 19 адам, Нұр-Сұлтан қаласында 25 адам болып, ел бойынша жалпы саны 44-ке жетті.