Аймақтар • 20 Наурыз, 2020

Түркістан: Базардағы азық-түлік бағасында аздаған өзгеріс бар

572 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен орталық базардағы азық-түлік бағасына мониторинг жүргізілді.

Түркістан: Базардағы азық-түлік бағасында аздаған өзгеріс бар

Бүгінде Түркістандағы «Қуаныш» базарында жылқы еті 1900 теңге болса, сиыр мен қой еті де 1800-1900 теңге аралығында саудалануда. Нан 60-70 теңге аралығында.  Яғни, баға өспеген. Ал картоп бағасы 140-150 теңгеге жеткен. Көкөніс пен тауық еті аздап қымбаттаған. Түркістан облысында 72 базар бар. Оның 14-і мал базары болса, 4 автокөлік және 54 әмбебап базар халыққа қызмет етеді. Ал Түркістан қаласында 8 базар бар. Оның үшеуі – әмбебап базарлар. Мониторинг барысында азық-түлік бағасы тексеріліп, базар басшылығы мен кәсіпкерлерге бағаны негізсіз көтермеу керектігі айтылды. 

Бағаны бақылау бағытында мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жүргізілмек. «Кәсіпкерлер мүмкіндігінше бағаны қолдан өсірмей, елдің жағдайымен санасқаны абзал. Бүгін мониторинг барысында ет, нан, күріштің бағасы қымбаттамағанын көрдік. Тиісінше картоп, шекер және тауық еті сынды бірнеше тауар түрі сәл қымбаттаған. Мониторинг қорытындысы бойынша әкімдік пен тиісті басқармаға ұсыныстар береміз», деді партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев. 
«Қуаныш» базарының басшысы Инара Намазбаева тауарға 10-15 пайыздан артық үстемақы қоймау жағы қатаң бақылауда екенін мәлімдеді. Сонымен бірге базарды дезинфекциялау жұмыстары тұрақты жүріп жатқанын жеткізді. Ал базардағы сатушылар көтерме сауда жасайтын азаматтар мен өндірушілер тарапынан тауар бағасы шамалы қымбаттап келіп жатқанын айтады.   

Бүгінгі күнге облыс аумағындағы қоймалар мен ірі сауда нысандарында 19 атаулы тауардан 30 878 тонна өнім сақтаулы тұр. Жалпы азық-түлік қоры жеткілікті. Азық-түлік бағасының өспеуі «Nur Otan» партиясы мен облыс әкімдігінің тікелей бақылауында болады.

 

Түркістан облысы

Соңғы жаңалықтар