Аймақтар • 20 Наурыз, 2020

Бір күнде іздеудегі сегіз қылмыскер ұсталды

147 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавлда Қазақстанның ТМД елдері Ішкі істер министрлерінің келісімі бойынша өткізілетін халықаралық «Іздеу» жедел-профилактитикалық шарасы наурыздың 18 мен 19 күндері жүргізілген еді.

Бір күнде іздеудегі сегіз қылмыскер ұсталды

СҚО полицейлерінің қылмыскерлерді аулауы жемісті болып, нақ осы күні ТМД елдерінің сот төрелігінен жасырынып жүрген сегіз қылмыскер бірден ұсталды. Солтүстік Қазақстан облысы ПД Криминалды полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Петр Климовтың айтуына қарағанда: «ТМД елдері Ішкі істер министрлерінің арасында қол қойылған келісімге сәйкес мұндай іс-шара тұрақты түрде жүргізіледі. Қазір жедел ақпаратпен алмасу да жетілдірілген. Шараға полицияның басқа бөліністерінің күштері де тартылған». 

Ұсталғандардың арасындағы төрт қазақстандық және бір Ресей азаматы есірткі қылмыстарын жасағаны, жалған құжаттар істегені, парақорлық, экстремистік іс-әрекет жасауға шақырғаны және тонағаны үшін ресейлік полицияның іздестіруінде болған. Осы қылмыскерлердің бәрі енді Ресейге этаппен аттандырылатын болды.

Бұлардан басқа Павлодар облысының 24 жасар тұрғыны да ұсталып, қамауға алынды. Ол өзі тұрған Ертіс ауданында біреулерден компьютерді жөндеуге алып, екі айдың ішінде иесінен қосалқы бөлшектерге деп 88 мың ақша алып, бой жасырып жүр екен. Оған қарсы Қылмыстық кодекстің 90-бабы - «Алаяқтық» бойынша іс сотқа жолданғанымен күдікті ізін суытқан. Енді ол да ұсталып, Павлодарға жіберіледі.

Сондай-ақ СҚО-да шартты түрде мерзімінен бұрын босату режімін орындаудан жалтарған екі адамның жүргені анықталды. Олар ішкі істер органдарын хабардар етпей, тұрғылықты жерін ауыстыру талабын елемеген. Екеуі де қамауға алынды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы