Қазақстан • 20 Наурыз, 2020

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы жолаушылар әуе рейстеріне қатысты ақпарат

151 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия шешімдерін орындау үшін 2020 жылғы 22 наурыз күні сағат 00:00-ден бастап халықаралық және жүк рейстерін қоспағанда, барлық қазақстандық әуе компаниялардың Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан тұрақты және тұрақты емес (чартерлік) жолаушылар рейстері тоқтатылады деп хабарлады ИИДМ баспасөз қызметі.

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы жолаушылар әуе рейстеріне қатысты ақпарат

Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласынан Алматы, Балқаш, Талдықорған, Петропавл, Тараз, Шымкент, Жезқазған, Қызылорда, Орал, Өскемен, Павлодар, Семей, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Қостанай және т. б. қалаларға 16 ішкі бағыт бойынша аптасына 320 тұрақты рейс;

Алматы қаласынан Нұр-Сұлтан, Балқаш, Көкшетау, Петропавл, Тараз, Шымкент, Жезқазған, Қарағанды, Қызылорда, Орал, Өскемен, Павлодар, Семей, Үржар, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Қостанай және т. б. қалаларға аптасына 295 тұрақты рейс тоқтатылады.​

Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысының 2020 жылғы 16 наурыздағы № 1 хаттамасына сәйкес, әуе компаниялары төтенше жағдай режимі қолданылатын кезеңде әуе билеттерін айыппұлсыз және толық көлемде қайтаруды рәсімдеуі қажет.

Азаматтардың шоғырлануын болдырмау үшін жолаушыларға 2020 жылғы 22 наурыз күнгі сағат 00:00-ден бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әуежайларына бармауды ұсынамыз дейді ИИДМ баспасөз қызметі.