Коронавирус • 20 Наурыз, 2020

Әлемдегі ахуалға шолу: Биыл 300 млн адам Наурыз мерекесін тойламайды

659 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бұл топтамада әлемнің 160 елінде тараған Covid-19 вирусына қатысты соңғы жаңалықтарды жариялап отырамыз.

20 наурызда Johns Hopkins University (JHU) ұсынған мәлімет бойынша вирус жұқтырғандар саны - 245 484, өлім саны - 10 031, айыққандар саны - 86 035 адам болды (жаңартылған уақыты 17:01).

 

18:39

Биыл 300 млн адам Наурыз мерекесін тойламайды

Әлемнің 300 млн тұрғыны үшін биылғы Наурыз мерекесі өзгеше болмақ. Әдетте дүбірлеп өтетін той коронавирустың жаңа түрі туғызған ғаламдық пандемияның тасасында қалмақ.

Наурыз, Навруз немесе Новруз мерекесі Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және өзге де Орта Азия елдерінен бөлек, Әзербайжан, Иран, Ауғанстан, Ирактың Күрд әкімшілік аймағы, Түркия және Сирия елдерінде тойланады.

2009 жылдан бастап UNESCO-ның адамзаттың мәдени мұралары тізіміне енген Жаңа жыл мерекесі әр елде түрлі дәстүрмен тойланады. Барлық елде бар бір ұқсастық ол – көп адамның мәре-сәре болып көрісуі мен мерекенің бірнеше күнге созылуы.

Әлемнің 160-тан астам елінде тіркелген пандемияның кесірінен бұл дәстүр биыл жалғаспайтын секілді.

Мереке тойланатын елдердің бірқатары қазір Қытайдан тараған вируспен күресіп әлек. Мәселен, Иранда жағдай ушығып тұр. Елде 18 407 жағдай тіркелсе, мыңнан астам науқас індеттен көз жұмған. Ал Түркияда 359 жағдай тіркелген, қаза болғандар да бар. Орталық Азия елдеріне келер болсақ, біздің елімізде 49 адам вирус жұқтырған, ел билігі елде төтенше жағдай жариялап, 2 ірі қаланы карантинге жапты. Өзбекстан бүгін елде вирус жұқтырғандар саны 33-ке жеткенін мәлімдесе, Қырғызстанда 6 адам анықталды.    

Жоғарыда айтылған елдер мен өзге де мемлекеттер қазір шекараларын жауып, вирусты жеңудің жолын қарастырып жатыр.

Көрші елде Қытай жаңа жылының қарсаңында басталған індет, енді Шығыс жаңа жылында бізге де жетті.

ш


18:34

АҚШ-тың 2 саясаткері вирус жұқтырған

АҚШ-тың өкілдер палатасының екі депутаты коронавирус жұқтырған. Бұл туралы олар Twitter-дегі парақшаларында хабарлады.

Флорида мен Юта аймақтарының конгресмендері Марио Диас-Баларт пен Бен Макадамс жағдайлары жақсы екенін айтты. Дегенмен бұл індетке жауапкершілікпен қарау керегін, қауіпсіздік шараларын ұстану қажеттілігін айтты. Саясаткерлердің вирусты қалай жұқтырғаны белгісіз. Тұмау белгілерін байқап, дәрігерге жүгінгенін айтады. Бүгінде олар үйлерінде карантинде.

Заң шығарушы құрылымның басқа да өкілдері алаңдаулы. Мемлекет президенті Дональд Трамп әрбір американдықты тесттен өткізу туралы заңға қол қойды. Сонымен бірге жұмыссыз қалғандарға жәрдемақы туралы шешім қабылдады.

Оқиғадан кейін төменгі палатаның 14 өкілі әріптестерімен кездескенін айтып, карантинге кетті.

Авторы: Светлана Ғалымжанқызы, EQ


17:01

Украинада алғашқы науқас емделді

Владимир Зеленский Украинада Covid-19 вирусын жұқтырған алғашқы науқастың жазылғанын мәлімдеді. 

«Черновцов қаласындағы науқасқа қайта сараптама жасалды, нәтижесі теріс болды. Бүгін ол емханадан үйіне қайтады. Бұл – соңғы күндердегі ең жағымды жаңалық және бізде бәрі жақсы болады деген нышан. Бастысы сабырлық сақтап, оқшаулану керек»,- деді Владимир Зеленский.  

Черновцов қаласындағы науқастың індеттен айыққаны туралы бірнеше күн бұрын белгілі болған, тек қайта сараптаманың нәтижесін күту керек болды.

е


15:24

Cirque du Soleil 95% қызметкерін уақытша жұмыстан босатты

Әлемге әйгілі Cirque du Soleil компаниясы 4 679 қызметкерін уақытша жұмыстан босататынын мәлімдеді. Бұл шамамен канадалық компанияның қызметкерлерінің 95 пайызы.

у


12:52

Италияда көз жұмғандар саны Қытайдан асып кетті

Бүгін Италияда вирустан көз жұмғандар саны Қытайдағы көрсеткіштен асып кетті. 41 035 науқастың 3 405-і індеттен қаза болды.

Кеше әлемдік БАҚ үйлерінде қаза болған Италия тұрғындарын жерлеу қиын болып тұрғанын жарыса жазған еді. 

t

Сурет: Reuters/ Flavio Lo Scalzo


12:37

Түркияда коронавирустан көз жұмғандар саны 4-ке жетті

Бүгін Түркияның Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Коджа елде 359 адам індет жұқтырғанын мәлімдеді.

«Коронавирус жұқтырған 85 жастағы әйел көз жұмды. Өкінішке орай, Түркияда індеттен көз жұмғандардың жалпы саны 4-ке жетті» деп жазды Фахреттин Коджа Twitter парақшасында.

Елде барлығы 359 адам коронвирус жұқтырған.

Авторы: Маржан Тілеубек, EQ


12:13

Қырғызстанда індет жұқтырған 3 адам тіркелді

Вирус жұқтырғандардың жалпы саны 6-ға жетті. Вирус жұқтырғандар кіші қажылықтан келген азаматтар. Олар қазір Ноокат жұқпалы аурулар ауруханасында арнайы қораптарда жатыр. 

12 наурыз күні Сауд Арабиясынан кіші қажылықтан келген азаматтар Джалал-Абад облысы Созақ ауданының тұрғындары. Қазір олар Джалал-Абад облысының жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр. Сауд Арабиясынан келген рейсте барлығы 144 жолаушы болған. Оның ішінде екі адам Өзбекстанға кетіп қалған. Қалған азаматтар карантинге оқшауланды. Бұдан бөлек жалпы 300-ден астам адам қазір карантинде жатыр.

е

Авторы: Маржан Тілеубек, EQ


11:07

Тағы бір лайнер жолаушылары коронавирус жұқтырды

Сиднейдегі Ruby Princess круиз лайнерінің бортындағы үш жолаушының Covid-19 жұқтырғаны анықталды.

Бортта жасалған тесттер бастапқыда тұмауға арналған. Дегенмен Covid-19 вирусын тексергенде 13 адамның 3-і жұқтырғаны анықталды.

Жаңа Оңтүстік Уэльс билігі лайнерде болған 2700 адамның денсаулығына алаңдап отыр. Олар жолаушылар арасында коронавирус жұқтырғандардың барын білмеген, жолаушылардан жақындарынан оқшаулануын сұрап отыр.

Осыған дейін Diamond Princess лайнерінде вирус жұқтырған 47 адам анықталған еді, науқастар арасында көз жұмғандар да бар.

а

Сурет: James D Morgan/Getty Images


19 наурыздағы жағдай қысқаша:

• Иранда 103 жастағы қария індеттен айықты

• Еуроодақтың Brexit бойынша бас келіссөзшісі вирус жұқтырған

• Еуропада интернетке сұраныс 50% өсті

• Пандемия көлік саласына кері әсер етуде - Toyota Group

• Ресейде коронавирустан қайтыс болған алғашқы жағдай тіркелді

• Қытай ел ішінде жаңа жағдай тіркелмегенін айтты

• Лондон метро стансаларын жауып жатыр

• Аустралия мен Жаңа Зеландия шекарасын жапты

• Түркияда коронавирустан екінші адам қайтыс болды

• ДДСҰ індетпен күресуде 4 маңызды шараны атады