Боз топыраққа тамырын жайған тоқсан түтіннің тумысы бөлек. Кешегі серілер мен сүлейлердің сүрлеуімен көш ілгері. Даласы шөлді болса да, баласы өнерлі. Әмісе, бұл бабадан келе жатқан бағыт. Ақсақалдардың да айтатыны осы. Құм-қиыршық тастан үйіліп қалған, дөңгелене біткен бұл зор дөңді тұрғындар Тұман тауы деседі. Күн қызарып ұясыңа кірген сәттен бастап, ауыл аспанында Тұманбай жырлары қалықтайды. Жігіттер мен қыздар жаттағандарын жарыса оқып, Молдағалиевше сөйлейді. Тұманбайша бір-біріне мұңын шағып, сырын ақтарады.
Әнтек жаңғырған дауысқа күзетші иттердің бей-берекет үруін қойғалы қашан?! Қасқыр мен шибөрі шошынып қалғандай, ауыл шекарасынан бері аттап баспайды. Құстардың да қиқуы сол мезетте саябырсиды. Қорадағы сүзегендердің құлағы үйренгендей құмыға жеткен дыбысқа елітіп, күйіс қайыруға күйі болмай нарша шөгеді. Әй, жыр пырағының қасиеті-ай дейсің мұндайда. Қашан көрсең баяғыша ауыл жұрты бейқам. Ата-аналар құлындарының қызық қуып, Тұман тауын торуылдап жүргенін құмалақсыз болжап, қақпаны құлыпсыз қалдырады. Әсілінде басқа баратын бел қайсы? Жер құрсағын жарып шыққан жусан мен баттауық кімге сая болмақ? Шал-шауқандар «Шөл даланың ханшайымы» санайтын қисық қанатты шырыш қытығына тиеді. Көлеңкелі ағаш-терек өспегелі қай уақ?! Оны ойлап ешкім де бас ауыртып жатқан жоқ. Әйтеуір Тұман тауының барына шүкір десіп, жоғалған балаларын сол маңнан тауып жатады.
Бұл үйілген құмның алыптың атын қалай арқалағанының өзі қызық. Көзін ашқалы қойдың соңынан ілескен, бертінде көркемсөздің көкесі атанған Тұмаштың тағдырымен тікелей байланысты. Ғұмырында қызға сөз айтып көрмеген жігіттің ғашықтық сезімі Тұманбай Молдағалиевтің «Қош, көктем» атты жыр жинағымен қатар бүр жарыпты. Қолына шайырдың таңдамалы өлеңдері түскен сәтте қырыққа тақаған шопанның махаббаты оянады ғой, шіркін! Жүректің жасы он сегіз екенін кім білген?!
Мұның бәрі о баста көршінің қызы оқу бітіріп келген кезден басталған. Қаланың қызу тіршілігі мен қызығын көрген бойжеткеннің талғамы басқа болуы заңдылық. Әрбірден соң әкесіндей адамды қайтсін? Шопанның серігі болғанша шопырдың көлігінде отырған мың артық десетін қалжақ жеңгейлеріміздің ұраны да көз байлап тұр. Сөйтіп, Тұмаш сұлуға сезімін жеткізудің жөнін таппай жүрісінен жаңылады. Бақташылықтан бас тартады. Өзі туған перзентіндей жақсы көріп, күтіп-баптаған жарау жылқысына мінуге де зауқы соқпайды. Әшейінде қолы қалт етсе заулай жөнелетін. Іші құсаға толып, үйінен екі елі аттап баспайды. Болмасты көксегеніне жолдас-жораны өкпелі. Ауыл жұрты да оны ойлап біраз әбігерге салынады. Алайда Тұмаш жан жарасын Тұман ақынның жырымен жазып жүреді.
Бір күні кеште ауласын сыпырып жүрген Күлтай бөгде дауысты естігенде елең ете қалады. Қоңыр үн құлағына майдай жақса керек.
Сүйеді екем, сүйеді екем сені мен,
Артық көріп көктемінің лебінен.
Сен туралы жырлайды екен құс біткен,
Махаббатты алып ұшып көгімен.
Жеңіл ғана сенің аяқ басқаның,
Ұқсамайды жүрісіне басқаның.
Сенің жайлап үн шығармай күлгенің,
Ұқсамайды күлкісіне басқаның.
Міне, ғажап! Өзінің ең сүйікті ақынының ең керемет өлеңінің бірін сыртта біреу тамылжытып айтуда. Шыдай алмай сыпырғышын тастай сала соңғы шумақтарына қосыла кетеді.
Сен өзіңсің, сен сезімсің мендегі,
Күмбірлетіп жіберетін кеудені.
Домбыраның құлақ күйін келтіріп,
Шертпегенің, тартпағаның жөн бе еді.
Не керек, қыз тамсанған қоңыр үннің иесі белгілі шопан болып шығады. Бұл қылығына қызара бөрткен Күлтай қайтсін, сасқанынан үйіне қаша жөнеледі. Тұмаш мұндай жағдайға тап боларын аңдамағаны анық. Тосылып қалып, тоқтатуға оқталады. Әйткенмен қыз қымсынып тысқа шықпай, апта бойы көзіне түспей жүреді.
Күлтайдың бұл әсерлі өлеңге қызығатындайы-ақ бар. Себебі, дипломдық жұмысын осы туындының аясында жазған болатын. Тақырыбы да үйлесіп тұр. «Шақырады жаз мені». Жазды аңсап ауылға жеткенде, алдынан жүрегінің жартысы шығатынын екі ұйықтаса да түсіне кірмеген болар. Жасынан әдебиет сабағын сүйіп тындайтын жеткіншектің өлең дегенде шығар жаны бөлек. Әсіресе, қазақтың біртуар ақыны, классик Тұманбай Молдағалиевті жастанып оқиды. Тіпті, өскенде ақын жігітке тұрмысқа шығамын деп те армандаған. Бұл оның «Мазасыз махаббат», «Көктем», «Қыз сағынышы», «Жаңбыр» секілді жырларынан туған балаң ойының бірі. Кейінірек сол боямасыз қиялы есіне түскенде, еріксіз күліп жіберетін. Сол үшін достарымен де талай рет дауласқан. Тұманбайдың өлеңін жатқа білмейтін жанкүйерлерін бірнеше мәрте бетін қайтарады. Құрбылары оны сол себепті де сөгіп, жазғыратын. Мұнысы қатарластарына ақынға деген, өлеңге деген сүйіспеншілігін осылай көрсетуге тырысқаны еді.
Тұмаштың кеудесіне бір үміт ұялағандай болды. Қорасын көлбей орналасқан көрші терезесін айналшықтап, сәріден сам жамырағанша күнұзақ жыр оқиды. Жүйрігіне шөп салып жатып, жүрегін жаулаған арудың атын атап, ән айтатыны да бар. Біресе балаша шаттанып, біресе Мәжнүнше күрсінеді. Кейде оған әйнектің бір бұрышынан ынтықтырған мойыл көздер тағатсыз тағы да айта түсші дегендей болып көрінетін.
Қоңырқай күздің аспаны,
Бүркенді бұлтты қап-қара.
Нажағай ойнай бастады –
Маңайда, алыс жақта да.
Жасыл от көкте жарқылдап,
Жылата берді күз күнін.
Ауылда малшы жақындап,
Атының тартты тізгінін.
Толастар емес ал мұнда,
Басталған жаңбыр бағана,
Маңдайын тосып жаңбырға
Шопан дос жүр-ау далада, – деп «Күзгі жаңбырды» тебіреніп оқығанда, періште қыз терезе пердесін түре қарайтын. Асылы бұл шумақтар жігіттің өмірбаянының жырдағы суреті сияқты көрінетін оған.
Бірде Тұмаш қалаға Тұманбай Молдағалиевтің қалған кітаптарын сатып алуға сапарлайды. Алмалы қаланың шырайына тәнті болып, ағайын-туыстарының үйінде бір апта жатып қалса керек. Күлтай шыда алмай ауылдың кішкентай бұзықтарынан қайда жүргенін сұрап, жақтауға есімін ойып жазады. Оны келгеннен кейін тәттіге сатылған бүлдіршіндер айтып береді-міс. Содан ары інісін сылтауратып екеуі оңаша жолығып тұрады. Ессіз сүйген Тұмаш Күлтайға ұзын жолдың арғы бетіндегі үлкен төбені айнала өлең оқиды. Айнала тынышталып, ай манаурағанда сол маңда кездеседі. Қызығы, күн найза бойы көтерілгенше шөл даланы өлеңмен сусындататын болған. Тау көрмеген ауыл жұрты қос ғашықты табыстырған ақынның құрметіне құмықты «Тұман тауы» деп атап кеткен екен. Болашақ ұрпақ қаужалар жырдың қамбасы санаса керек.
Осы күні қариялармыз: «Жас кезімізде Тұманбайдың бір өлеңін арнап апаларыңды алып қашқанбыз», – деп көсіле сөйлейтін әдеті. Рас, өтірігін әжемізден сұрасақ бас изегеннен басқа ештеңе демейді. Ал, немерелерінің алғырлығын қанша туындысын жатқа білетінімен сынап, келешегіне бағыт-бағдар береді. Жиында не дастарқан басында: «Ана шалдың баласы 300 жырын жаңылмай жатқа соғады екен», «Біздің бала 2 поэмасын мүдірмей әспеттеп айтып береді», – деп әңгімеге арқау етіп отырады.
Жыл сайын ақынның туған күніне орай Тұман тауының етегінде жыр додасы ұйымдастырылады. Топ жарған талапкерлер жыл бойына мектептен тегін түстенеді. Өнерпаздар сөзіне жазылған әндерді орындап, көпшіліктің алғыс-батасын алады. Бұл дәстүрге айналған дүниелер. Ешқашан жібін үзген емес.
Иә, таулар бар бізде талқаны шыққан, болса да биік өлшемі. Таулар бар бізде арқалы бұлттан, өз тұрқымен еңселі. Тұман тауы бүгінде өз тұрпатымен заңғар көрінеді. Дәуір аунаса да тамшы уақыт таптамасы анық. Өйткені, Тұманбай Молдағалиев Жаратушы таудай талап, ұлы арман берген, халқының озық қасиеттерінен нәр алған жүрегі үлкен талант. Мұрасы да сондай ізгі. Ақынды сағынсаңыз, ойланбай Тұман тауына келіңіз.