Медицина • 20 Наурыз, 2020

Қостанай облысында медициналық сақтандыру шараларына 2,1 млрд теңге бөлінді

186 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы бүгін қала және аудан әкімдерімен онлайн режімде кеңес өткізген облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мәлімдеді.

Қостанай облысында медициналық сақтандыру шараларына 2,1 млрд теңге бөлінді

Қомақты қаржы эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқан дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне үстеме ақы төлеуге, өкпеге жасанды түрде дем жіберетін аппараттарды, дезинфекциялау құралдары мен медициналық маска сатып алуға жұмсалады.

   - Бұл қаржы, негізінен, облыстың медициналық мекемелерін материалдық-техникалық қамтамасыз етуді күшейтуге жұмсалады.  Облысқа өкпеге жасанды түрде дем жіберетін 41 аппарат жеткізіледі. Мұндай құрылғылар қазір өзімізде де бар.   Бірақ созылмалы дертке ұшыраған, әсіресе,  егде жастағы адамдардың өкпесі істемей қалатыны белгілі.  Сондықтан біз қосымша құрылғыларды сатып сатып алып отырмыз. Оның 11-і таяуда келеді,  30-ы 15-20 сәуірге қарай жеткізіледі, - деді А. Мұхамбетов.

Облыс басшысы індетке қарсы шараларға тартылатын дәрігерлерге төленетін үстеме ақы мәселесінің де басын аша кетті. Әкімнің айтуынша, тәулік бойы жұмыс істеп жатқан дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне қазірше 241 млн теңге бөлініп отыр. 

Жиында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вячеслав Дудник бүгінге дейін Қостанай облысында коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайлары тіркелмегенін, індеттің алдын алу шаралары күшейтілген тәртіпте жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Орал Бекмағамбетовтің мәлімдеуінше, облыс аумағындағы мемлекеттік шекарада 8 өткізу пункті бар, 2 теміржол жабық, қалған бекеттер  қатаң режімде жұмыс істеп жатыр.

Департамент әлеуметтік-тұрмыстық мақсаттағы 1064 нысанды бақылауға алып, мониторинг жүргізген. Нәтижесінде 33 ірі сауда орталығының жұмыс уақыты шектеліп, 105 нысанның қызметі тоқтатылған. Оның ішінде 21 сауда орталығы, 23 ойын-сауық кешені, 10 кинотеатр, 15 фитнес-орталық, 4 түнгі клуб және  32 қоғамдық мекеме бар.

Сонымен қатар, 21 ХҚКО, 35 банк, 44 діни мекемеде дезинфекциялық режімд күшейтілді.

Қостанай облысы