Руханият • 22 Наурыз, 2020

Биыл 300 млн адам Наурыз тойламайды

433 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әлемнің 300 млн тұрғыны үшін биылғы Наурыз мерекесі өзгеше болмақ. Әдетте дүбірлеп өтетін той коронавирустың жаңа түрі туғызған ғаламдық пандемияның тасасында қалмақ.

Биыл 300 млн адам Наурыз тойламайды

Наурыз, Навруз немесе Новруз мерекесі Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және өзге де Орта Азия елдерінен бөлек, Әзербайжан, Иран, Ауғанстан, Ирактың Күрд әкімшілік аймағы, Түркия және Сирия елдерінде тойланады.

2009 жылдан бастап UNESCO-ның адамзаттың мәдени мұралары тізіміне енген Жаңа жыл мерекесі әр елде түрлі дәстүрмен тойланады. Барлық елде бар бір ұқсастық ол – көп адамның мәре-сәре болып көрісуі мен мерекенің бірнеше күнге созылуы.

Әлемнің 160-тан астам елінде тіркелген пандемияның кесірінен бұл дәстүр биыл жалғаспайтын секілді.

Мереке тойланатын елдердің бірқатары қазір Қытайдан тараған вируспен күресіп әлек. Мәселен, Иранда жағдай ушығып тұр. Елде 20 610 жағдай тіркелсе, мыңнан астам науқас індеттен көз жұмған. Ал Түркияда 947 жағдай тіркелген, қаза болғандар да бар. Орталық Азия елдеріне келер болсақ, біздің елімізде 57 адам вирус жұқтырған, ел билігі елде төтенше жағдай жариялап, 2 ірі қаланы карантинге жапты. Өзбекстан бүгін елде вирус жұқтырғандар саны 42-ге жеткенін мәлімдесе, Қырғызстанда 14 адам анықталды.    

Жоғарыда айтылған елдер мен өзге де мемлекеттер қазір шекараларын жауып, вирусты жеңудің жолын қарастырып жатыр.

Көрші елде Қытай жаңа жылының қарсаңында басталған індет, енді Шығыс жаңа жылында бізге де жетті.