Аймақтар • 20 Наурыз, 2020

Облыс аумағында коронавирус тіркелген жоқ - Ө.Шөкеев

287 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланған сәттен провизорлық госпитальдар ашылып, 440 орын даярланған. Бұл мекемелерде қазіргі таңда 30 адам карантинде жатыр. Дәрігерлік тексеруден кейін 18 адам үйлеріне шығарылған. Провизорлық госпитальдар барлық ауданда ашылатын болады. Облыста коронавируспен ауыратын науқастар тіркелген жоқ.

Облыс аумағында коронавирус тіркелген жоқ - Ө.Шөкеев

Түркістан облысының халқына арнайы мәлімдеме жасаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев осындай деректер келтірді. Коронавирус дертіне байланысты оңтүстікке кіріп-шығуды тәулік бойы қадағалау үшін ашылған арнайы жасақталған бекетте болған облыс басшысы тұрғындармен әңгімелесті. Жамбыл облысынан Түлкібас ауданына кіреберістегі «Шақпақ» бекетінде орнатылған блок-пост арқылы Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Жамбыл облысынан келетін барлық автокөліктер жүріп өтеді. Күре жолдың бойында ашылған бекетте полиция мен дәрігерлер әрбір көлікті тоқтатып, арнайы құрылғымен азаматтардың дене қызуларын өлшеп, тексеруден өткізуде. Екі тәулік ішінде «Шақпақ» бекеттері арқылы өткен 6000-ға жуық адам тексерілген. Блок - постта арнайы 4 тепловизор орнатылған. Шұғыл әрекет ету мақсатында 30-ден астам дәрігер, медициналық жедел-жәрдем қызметінің бригадасы да жұмылдырылып отыр. Бұдан бөлек, теміржол, әуежай, қалааралық бекеттер мен шекараларда санитарлық жұмыстар қызу жүруде. Індетпен күрестің  күнделікті жұмыс барысы облыс әкімдігінде ашылған ситуациялық орталық арқылы қалың халық хабардар етілуде.

«Бұл індеттің тарауына тосқауыл қою үшін адамдар күнделікті жүріс-тұрысын шектеп, қоғамдық орындарға бармауы қажет. Тойхана, мейрамханалар жабылды, қоғамдық көліктерді де тоқтатамыз. Біз осындай жұмыстар арқылы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, індетті жеңуіміз керек», – деді Өмірзақ Шөкеев.

л

Елбасы өз үндеуінде қиын кезеңде ел-жұртқа көмектескісі келетін және жәрдем бере алатын адамдардың қаражаты жинақталатын Республикалық қор құруды ұсынды. Бұл орайда аталған қорға облыс әкімдігі, басқармалар мен оған қарасты мекемелер бір күндік жалақыларын аударады. Бастаманы қолдаған бизнес өкілдері  тарапынан да қорға ақша аударылмақ. Төтенше жағдайға байланысты «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорының жанынан қамқоршылық кеңесі құрылған. Бұл қор облыстағы аз қамтамасыз етілген отбасыларға азық-түлік пен гигиеналық заттар бөледі. Қажетті заттарды таратуға еріктілер, «Жас Отан» жастар қанаты белсене кірісуге ниет білдіріп отыр.

«Алаңдауға негіз жоқ. Түркістан облысының аумағында коронавирус тіркелген жоқ. Сақтық шаралары күшейтілген тәртіпте жүріп жатыр. Азық-түлік қоры жеткілікті, бағаларды негізсіз өсіруге жол бермейміз. Дәл қазір бүкіл әлем қиын кезеңде тұр. Алайда, біз бұл қиын-қыстау уақыттан да бірлік пен ынтымақтың арқасында аман-есен өтеміз деп сенемін! Қазіргі таңда бізге тыныштық керек, жалған ақпараттарға сенбеңіздер. Ресми ақпарат пен  бұқаралық ақпарат құралдарына ғана сеніңіздер. Біз күнделікті жағдайды қатаң бақылауда ұстап отырмыз. Біз біргеміз!», деп түйіндеді мәлімдемесін Өмірзақ Естайұлы.

Облыс басшысы Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбековпен бірге теміржол вокзалындағы қолға алынған сақтық шараларын пысықтады. Жауапты сала мамандарының жұмылдыруымен шойын жол бекеттерінде қауіпті індеттің таралуына жол бермеу үшін арнайы тексеру орны жасақталған. Мысалы, соңғы екі тәулікте 16 поезд жүріп өтіп, 200-ден астам жолаушы тексерілген.

ддд

Түркістан облысы