Руханият • 20 Наурыз, 2020

Арманымен ер сұлу...

936 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда қытайлық кинематографистер жасаған тарихи сериалды тамашалап отырып, мына бір шағын эпизодты аңдадық. Бас кейіпкер патша уәзірлерін шақырып «Үш ұлымының қайсы мұрагерлікке лайық» айтыңдар дейді. Көпшілік көркем мінезді үлкен ұлды лайық көреді. Патша: - Ол лайық емес, өйткені оның бойында ұлы арман жоқ, яғни армандай алмайды, деді. Осы сөзді естігенде ойыма бірден атақты Шыңғыс қағанның «Арманың қанша асқақ болса, арғымағың сонша шабысты болады» деген ұлағаты орала кетті.

Арманымен ер сұлу...

Расында, армандай алмайтын адам қалай ұлы іс атқарады. Атам қазақтың «Арманымен ер сұлу, орманымен жер сұлу» немесе «Армансыз адам – тамырсыз ағаш» деген мақалында өте терең мән бар емес пе?! Отарлаушылар отарланған халықтың ең әуелі арманын алжастыратыны тегін емес. Өйткені, армандай алмаған қауым – өркендей де алмайды.

Мысалы, қазақтың қайраткер хандарының бірі Абылай өмірінің соңғы күндері қатты науқастанып жатып қалады. Замандасы һәм ақылшысы  атақты шайыр Бұқар жырау ханның көңілін сұрай келіп: «Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан ханым-ай, Қайырусыз жылқы бақтырған ханым-ай, Қалыңсыз қатын құштырған ханым-ай...» – деп, толғай жөнеледі. Абылай хан басын көтеріп: «Тоқта, жырау, сен менің өмір бойы ойлаған арманымды айт. Егер осы үш қызметті жұртыма жасаған болсам, арманымның орындалағаны емес пе!» деген екен.

Сол сияқты, бірнеше жылдың алдында атақты аяқдопшы күллі әлем «Роналдо» деген атпен танитын бразилиялық спортшы Роналда Луиз Назарио де Лима ФИФА сайтына берген сұхбатында: «Бала күнімде атақты аяқдопшы болуды армандадым. Оған жету үшін еңбектендім. Менің жетістігімнің құпиясы – осы» депті.

Яғни, арман дегеніміз – адамның жүрек мұраты һәм соған жету үшін жасаған жанкешті еңбегі десек дұрыс болар. Қарапайым өмірдің өзінде біреуге алғыс айтсақ, жақсылық тілесек «арманыңа жет» дейміз, сол сияқты спортта, ғылымда биік межені бағындырған тұлғалар «арманыма жеттім» деп сөзін түйіндеп жатады.

Осы орайда, өзім куә болған мына бір оқиғаны қозғай кетейін. Ұмытпасам, 1995 жылдың қысы. Аудандық газеттің тілшісімін. Редактор «Зайсан балық зауыты жайлы мақала жаз» деп мені балықшылар кентіне жіберді. Мекеме бастығын бұрыннан білуші едім. Көзі қарақты, өте сұңғыла кісі. Бардым. Жолай ұшырасқан ол «түстен кейін зауыт басшыларының алқа мәжілісі болады. Соған қатысыңыз» деді.

Басекең айтқан жиын басталды. Бір шетте қолда қалам-қағаз, мықшиып отырмын. Бұл жылдары жоқшылық ел өміріне дендеп енген, жанар-жағар май, азық-түлік тапшы, өте қиын уақыт еді. Зауыт жұмысшылары жылдап айлық алмаған тұс.  – Сіздерге бір жақсы жаңалық айтайын, - деп бастады сөзін зауыт басшысы. – Зайсан көл-өзен типті су. Яғни, суы ағынды болғандықтан осылай аталады. Оның сыртында көлге жан-жақтан Қара Ертіс, Көкпекті, Кендірлік, Үйдене, Жарма сияқты өзендер құяды. Бұлар көктемде қарғын арқылы ағып келген таудың шипалы өсімдік-шөбін айдап әкеліп, көлге тоғытады. Ол шөптермен балық көректенеді. Бұндай экологиялық таза табиғи минералды суда өмір сүрген балық әлем нарығында аса жоғары бағаланады. Мысалы, біздегі судактың (көксерке) бір келісі Түркияда 40, Еуропа елдерінде 60 долларға дейін құн сүйеді, - деп бастап, сөзінің аяғын көлдің балығын әлемдік саудаға шығаруымыз керек деп аяқтады.

Бұл сөзді естіген мекеменің атқарушы директоры, вице президенттері, орынбасарлары бар барлығы «көлге салған ауды тартатын тракторға жанар-жағармай таппай отырып, қайдағы шет елге балық сатқан...» деп бастап шулап кетті. Тіпті кейбіреуі «Мына кісінің есі дұрыс па?» деген сөзді ішінен бірнеше қайталаған да шығар. 

Осымен жиын тарады. Кабинетте үлкен бастық екеуміз ғана қалдық. Ол кісі басын шайқап ұзақ үнсіз отырды да,  маған бұрылып: «Көрдің ғой інім, біздің адамдарда армандайтын да қуат қалмаған» деді. Ол кезде бұл сөзге аса мән бермеген едім. Адамға армандау үшін де қуат керек екенін кейін түсіндім. Ерте заманда сиыр бағып жүрген құлдан «Егер сен патша болсаң не істер едің?» деп сұрағанда, ол бейбақ: «Онда сиырды ат мініп жаяр едім» депті. Құлдың арманы деген осы. Азат адам бұлай армандамайды. «Әлем социологтары қайсы бір этностың болашағын оның арманына қарап өлшейді» дегенді оқып едім.  Рас сияқты.