Қоғам • 21 Наурыз, 2020

Бас басылымда – байырғы мейрам

40 реткөрсетілді

Наурыз – ер түрк бабаларының ежелден қалыптасқан жаңа жыл мен жаңа күнінің бастауы. Көшпелілердің көне мейрамы қанымызға жақын, жанымызға туыс, қазақы қалпымыз бен асқақ рухымызды қауыштыратын қайырлы той. Бұл – жосын мыңжылдықтардың мұрасын арқалап, бұрыннан бүгінге, бүгіннен болашаққа жан-жақты байып, кемелдене көш түзей беретін ерекше мейрам.

Биыл да әбдікей амал айы алып саха­раға келісімен бауыры жасыл ма­нат Ұлы даланың жауынгер ұлдары төрткүл дү­ни­е­нің бұрышынан байсалды көш шыға­рып, кез маялы керуендердің күміс қоңы­раулары мыңжылдықтар мұра­сын паш етіп қаға бастауы керек еді. Адамзатты алаңдатып отырған жайсыз жағдай ондай салтанаттың орайын келтірмей тұр, әттең... Әйтпесе дәстүрлі мереке екпін алысымен сонау күлігін кісінеткен Күлтегін заманынан бергі көшпелі көк түріктердің байырғы ырым-нышандары мен салт-дәстүрлері, ескі өлең-жырлары мен діни рәсімдері берекелі байсында қайта жаңғырып, жаңа низамды жаңа сипатта қарсы алар еді. Әдеттегідей бұрынғының көзін көріп, байырғының сөзін тыңдаған абыз ақсақалдар мен кейуана әжелер алты Алаш туысқанға ақ бата беріп, батиқа тілек айтар еді. Амал айы туды дегеннен ақын-жыраулар мен әнші-күйшілер, сал-серілер мен бақсы-құшынаштар қаз мойын қобыздарының бесті айғыр қылы­на қияқ ысып, қызыл арша домбыраларынан төгілген бойлауық күйлері ба­ба­­лардың ежелгі сары жұртына Қы­зы­­рдың қырық шатырлы салқар кө­шін тоқтатып жатар еді.

Жалпы, наурыздың нағыз нақыштары қазақ ұлысында осылай басталады. Жаңа жылдың ескі күнтізбе бойынша енді басталғанын көшпелі түркі халық­тарының, соның ішінде киіз туыр­лықты қазақ халқы осылай ерекше сүйіншілеп, сауын айтып қарсы алады.

* * *

Замана желі терісінен соғып, тегіміз бен теңдігімізден қоса айырылып қалғандай тағдыркешті тар кезеңдер болған. Наурыз мерекесі соңғы рет
1926 жылы тойланып, одан беріде, нақты айтқанда 1988 жылға дейін таным салты тарихтың тар қапасына таңылып қалған еді. Айтулы мерекені жарты ғасырдан астам уақыт қазақ ортасы тегіс ұмыта бастаған шақта жыл құсындай жаңалығымен 1988 жылы көне мейрам өзінің қасиетті қара шаңырағына қайта оралады. Бір ғасырдан астам тарихы бар бүгінгі «Egemen Qazaqstan», ол кезде «Социалистік Қазақстан» газетінің бірінші беті байырғы мейрамды бас басылым ретінде 1989 жылы сүйіншілете жазыпты. Газеттің 22 наурыздағы сарғайған сартап беттерін сипай парақ­та­ғанда, қазақтың классик жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Сыршылдық салт өлеңдері» деген тақырыптағы наурыз мейрамының табиғаты, түйін моралі мен түпкі моделі жайлы жан-жақты қам­тыл­ған классикалық мақаласын оқуға болады.

Ұлы қаламгер аталған мақалада нау­рыз жайлы салт-дәстүрге қатысы бар бірді-екілі өлең-жырларды талдап келіп: «Қазіргі наурыз жайындағы сөздер сол күндегі ырымды, сондағы амандасу, кө­рі­су сияқты салтты, сол күндегі ті­лекті білдіреді. Белгілі Шақшақ Жәні­бек кенже қызын бір досының баласына берген. Жәнібек өлгенде сол қыз келіп әкесін жоқтапты. Соның ішінде наурыз турасында мынадай өлең келеді:

Айналайын, әке-екем,

Неге бердің кедейге?

Қанша ақылды десем де,

Кедейді кедей демей ме?

Байға берсең әке-екем,

Қазысы қарыс айғырды,

Сүбесі сүйем қошқарды,

Ұлыс күні соймас па ең?

Мұнда баяғы заманда Ұлыстың ұлы күні қалың елдің жаңа тілек тілейтіні көрінеді. Жұп шырақ жағу, кетік аяқ, кетік шөміш сындыру, көріскенде. «Таза бақ, кел!» деп, «Көш, қарақан, көш!» деп аластау – барлығы да сол заманның тілегі. Бұлардан басқа төрт көз итті өлтіру, моғал ошақ қазу болған. Барлығы да сол замандағы дін мейрамының шартынан туған, көпке бірдей салт. Сол күні не естілсе, барлығы да арнаулы өлеңмен, арнаулы тілек сөздермен істелу керек. Бірақ сол сөздің бірде-бірі қолда болмағандықтан, сол турадағы сөзді шала қалдырамыз», деп көп тағылым­ға көне сүрлеудің бағытын сілтейді. Сондай-ақ газеттің бірінші бетіндегі айдар да «Жаңашыл мән берген халқыма, бақыт боп кел, наурыз, халқыма!», деп айбарлана жырлай жазылған.

Тағы басты бетте Қазақ КСР халық жазушысы Әлжаппар Әбішевтен наурыз низамы турасында сұхбат алынып, ол жерде де жаңалықтың жаршысы, ескіліктің еншісі – Наурыз мейрамының қазақ ғұрпына сағына қауышқаны көркем баяндалған. Одан бөлек Алаш арысы Бейімбет Майлиннің 1926 жылы «Еңбекші Қазақ» газетінің 22 наурызда шыққан нөміріндегі өлеңін қайта басқаны да көп жағдайдан хабардар етеді. Газеттің ішкі беттерінің маз­мұнын да наурыз нақыштарымен безен­ді­ріп, мұғалім ақын Көпбай Омаровпен газет тілшісі жазбаша айтысып, сөз сайысының көркем мәтінін ақынның суре­тімен қоса жариялаған. Мұның бәрінде ел газетінің елдік мұрат жолында ұлттық мейрамды барынша ұмыт­пастай ұлықтаудың айқын көрінісі жатыр. Тағы бір айта кетерлігі, біз айтып отырған «Социалистік Қазақстанның» сол жылғы 24 наурыз күнгі нөмірінің соңғы бетінде «Наурыз» көріністерінен фоторепортаж беріліп, суреттердің бас жағына «Наурыз – халқымыздың ежелгі мерекесі. 22 наурызда басталған бұл мереке қазір жер-жерде жаппай өткізілуде. Биыл ол 23 сәуірге дейін созылады», деп жазылған. Бұл бастама шын мәнінде нау­рыз мейрамының бір-екі күндік шартты шара емес, шын сенім мен ізгі тілектің түйінделетін, таным мен тарих тоғысатын ұлық тойы екенін білдіреді.

Содан бері 30 жылдан астам уақыт ішінде ел газеті «Egemen Qazaqstan» нау­рыз мерекесін үлкен мінберде, үлгілі үрдістермен жан-жақты насихаттап келеді. Былтыр Мәдениет және спорт министрлігінің берекелі бастамасымен бағзыдан бүгінге жеткен көне мейрам ұлттық таным мен дала дәстүрінің тұнық бастауы ретінде жаңа сипат алғанына ерекше қуанған болатынбыз... Әдетте аталған мерекені бұған дейін елімізде 22 наурыз күні ғана тойлап келсе, былтырдан бастап, қазақтың тағы бір ерекше салты – көрісу күні, яғни амал айымен ұштастырып 14 наурыздан бастап тойлау дәстүрі қолға алынғанын жер-жерде айтып, жақсы үрдісті жұмыла жалғастырып жатыр едік.

Демек, Наурыз – жаңа күн деген мағына ғана беріп қоймай, барша жаңа дәс­түр­лердің жаршысы болатын игі шара деуге толық негіз бар. Аталған тың жоба, төл мейрамның – қазақ төрі­нен бастау алуының да өзіндік мәні ерекше. Бауырында жүздеген ұлт пен ұлыс тату-тәтті ғұмыр кешіп, бейбітшіліктің биік тұғыры бола білген қара шаңырақ – қазақ даласы Ай мен Күннің, бай мен құлдың теңелетін көне то­йына сауынды бірінші айтып, салқар көшті саумал көлдің жағасына шөгеруі заңдылық.

Ендеше, бәріміз де пәле-жала, індет-дерт­тен аман болған күнде шын көңі­лі­мізбен шырайлы шақта шұрқы­рас­қан жұртпен төс қағыстырып, мал-жанының амандығын сұрасып, қыстан аман-есен шық­қан­ымызға тәубе кел­ті­ру­ге серттескеніміз жөн. Бұл күн шын мә­нін­де – көк Тәңіріне алғыс айтып, баба ыры­мын кейінгі ұрпаққа ұғындыратын өне­ге­лі іске арқау күн.

Соңғы жаңалықтар

Дәрігерлерге алғыс білдірді

Елорда • Бүгін, 21:19

Бейқамдыққа жол берілмеуі керек

Руханият • Бүгін, 19:44

Коронавируссыз Қостанай

Аймақтар • Бүгін, 19:27

Күріш экспортына кедергі жоқ

Аймақтар • Бүгін, 18:35

Әлем үнемделе бастады

Әлем • Бүгін, 18:23

Шымкентте індет жұқтырған тағы 8 адам анықталды

Оңтүстік Қазақстан • Бүгін, 17:36

Кәдімгі бір Қыдыр-ата сияқты

Әдебиет • Бүгін, 17:27

Ұқсас жаңалықтар