Күн сайын Ақтау қаласы әкімінің орынбасарларының және штаб мүшелерінің қатысуымен мониторинг жүргізіледі. Олар бірқатар нысандардың коронавирусқа қарсы дайындығын, төтенше жағдай талаптарын орындау бойынша сауда орталықтарын және тамақ өнімдерін сату дүкендері мен супермаркеттерге, базарларға арнайы барады.
Қала бойынша жұмыс істеп тұрған 14 базардың азық-түлік сату бөлігі санитарлық-дезинфекциялық шараларын сақтап, қалыпты режимде жұмыс жасаса, киім-кешек және өзге де тауарлар сату бөлігінің жұмыс уақыты сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін шектелді. 5 мал базары бар, оның үшеуі санитарлық-дезинфекциялық шараларын сақтап, қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, 2-еуі жабық. 4 кинотеатр, сауда-көңіл көтеру орталықтарындағы 6 балалар ойын алаңдары төтенше жағдай мерзімінде жұмыстарын тоқтатты.
2 гипермаркет, 65 супермаркет, 879 азық-түлік дүкендері санитарлық-дезинфекциялық шараларын сақтап, қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.
Штаб мүшелері аталған нысандарда уақытылы дезинфекциялануды, қол жуатын сусабын және тағы да басқа жеке антисептикалық заттардың болуы, кассада кезектің сақталуы сияқты жұмыстарды тексереді.
- Мәселен, 19-наурыз күні нысандарды аралау барысында халық көп шоғырланатын «Алатау» сауда үйіндегі супермаркетте бірқатар талаптардың орындалмағаны анықталды. Атап айтсақ, санитарлық тазалық сақталмаған. Осыған орай, ескерту берілді. Келесі жолы қайталанатын болса, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынады. Жалпы, барлығына Президенттің Жарлығына сәйкес жасақталған Ақтау қаласы әкімдігінің ұсыным хаты таратылып, жұмыскерлер арасында түсіндірме жүргізілді, - деді қала әкімінің орынбасары Серік Гусман.
Сонымен қатар, сауда орталықтарының белгіленген шекті уақыт 18.00-де жабылуы қаралып, барлығының талапты орындағаны бақыланды.
Айта кетейік, 41 тойхана төтенше жағдай мерзімінде жұмысын тоқтатты. 15 сәуірге дейінгі мерзімде 184 шараларды өткізуді тоқтатты.
Тексеру жұмыстары күн сайын жалғасады.
Гүлайым ДӘУІТБАЙ,
«Egemen Qazagstan»
Маңғыстау облысы