Аймақтар • 21 Наурыз, 2020

Түркістан: Барлық аудандарда бетперде тігу қолға алынды

193 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысында барлық аудандар жаппай бетперде тігуді қолға алып, тұрғындарының сұранысын толық қамтамасыз етпек. Ал Сайрам ауданындағы «Алтын адам» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бетперденің бірнеше түрін тігуге ірі көлемде тапсырыс алды. Мұнда 80-нен асатын жұмысшы күніне 30 мың маска тігуді жоспарлап отыр.

Түркістан: Барлық аудандарда бетперде тігу қолға алынды

Ауданға сапарында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев цехтың жұмыс барысымен танысты. Серіктестіктің қажеттілікке қарай маска мөлшерін көбейтіп тігуге мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың арасында қаржылай көмек алған 65 тігінші күніне 5500 дана медициналық маска тігу жұмыстарымен айналысуда. Аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков қазіргі таңда 10 мыңға жуық аз қамтамасыз етілген азаматтарды тегін медициналық маскамен қамту шаралары жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

Қауіпті дертті анықтап, онымен күресуге дәрігерлер де дайын. Облыс әкімі бірнеше рет дайындық курстарынан өткен медицина қызметкерлерімен кездесті. Жақын күндері пайдалануға берілетін жаңа емхананы аралап, диагностика қоры мен оқшаулау, резервті төсек-орындарды тексерді. Емдеу мекемесі жоспар бойынша күніне 500 келушіге есептелген. Айтқан жерден аулақ, қажеттілік туындаған жағдайда жаңа ғимарат 100 төсек - орындық обсервациялық госпиталь ретінде қызмет көрсетеді. Медициналық мекеме тиісті дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілген, мамандардан 4 бригада жасақталған. Сондай-ақ аудандық аурухананың дәрігерлері Ақсукент ауылында орналасқан «Манкент» теміржол стансасында да күндіз-түні қызмет атқаруда.

 

Түркістан облысы