Қазақстан • 21 Наурыз, 2020

30 мыңнан аса мемлекеттік қызметкер қашықтан жұмыс істеуге дайын

190 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, Мемлекеттік техникалық қызмет және байланыс операторларымен бірлесіп, мемлекеттік қызметкерлерді ақпараттық жүйелерге, оның ішінде электронды пошта мен электронды құжат айналымына қашықтықтан қосу үшін тиісті техникалық шешімді іске асырды. Бұл мемлекеттік қызметкерлерге үйден шықпай, электронды құжат жүйесіндегі хат-хабармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

30 мыңнан аса мемлекеттік қызметкер қашықтан жұмыс істеуге дайын

Аталған шешім Президенттің елдегі төтенше жағдай кезінде мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы барлық қызметкерлердің 70%-ын  қашықтан жұмыс істеуге көшіру  туралы тапсырмасын орындау мақсатында қабылданды.

Тиісті министрліктің 150-ден астам қызметкері қажетті ақпараттық жүйелерге, атап айтқанда электронды пошта мен құжат айналымына қосылу арқылы қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ барлық мемлекеттік қызметкерлерді өз органдарының ақпараттық жүйесіне қашықтан қосу жұмыстары басталды. Жұмыс кезең- кезеңмен жүргізіледі. Бүгінде энергетика, экология, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерін ақпараттық жүйелерге қосу жұмыстары орындалуда. Оның нәтижесінде таяу уақытта 30 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер үйден жұмыс істеуге мүмкіндік алады.

Осыны іске асыру үшін байланыс операторлары тиісті орындарда байланыс арналарының параметрлерін ескере отырып, қажетті инфрақұрылымды дайындады. Салалық ведомство мамандарын құжат айналымы жүйесіне қашықтықтан қосуды ұйымдастыруда электронды құжат айналымының бірыңғай жүйесі платформасынан бұлтты технологияларға көшу жүзеге асырылмақ.