Жоғары білімнің ғылыммен және саясатпен ұштасуы, өзара байланыстары мен қарым-қатынастары жаңа реформаның әрқашанда негізі болып табылатыны тарихи тәжірибеде дәлелденген. Бұл үшеуін әсіресе, тарих ғылымында дербес бағыттар ретінде жеке дара дамытуға талпыныс өзінің нәтижесін бере қоймайтындығы ХХ ғасырдағы Кеңес Одағының тарихи тәжірибесінде айқындалғанын жақсы білеміз. Жоғары мектепке және ғылымға саясат тікелей ықпал жасаған аталмыш қоғамда Ғылым академиясының төңірегіне топтасқан ғылым салалары дербес өркендегенін бастан өткердік. Едәуір табыстарға қол жеткеніне қарамастан, мұндай ұстаным түптің түбінде жоғары білімнің және ғылымның алшақтауына және бірте-бірте тұйыққа тіреліп, тоқырауға ұшырауына алып келетінін өткен өмір дәлелдеді. Кезінде жабық болған біздің білім беру жүйеміз шын мәнінде тәуелсіздік тұсында жан-жақты дамуға мүмкіндік алып отыр. Ғылым туралы да осылай деуге болады. Әсіресе, батыс елдерінің жоғары білім мен ғылымды дамыту тәжірибелері жаңа жағдайда назар аударуға әбден лайықты деп ойлай бастадық. Осы мәселені алғаш рет мемлекеттік тілде жан-жақты талдаған толымды да іргелі монографиялық зерттеу жарық көрді. Оның авторлары белгілі ғалым-тарихшылар Хангелді Әбжанов пен Ғабит Кенжебаев.
Батыс елдеріндегі жоғары білім мен ғылымның басты-басты негіздері салыстырмалы түрде терең зерттелген осы еңбектің бүгінгі таңда аса қажеттігі оны оқи бастағанда айқын байқалады. Онда батыс университеттерінің өзіндік ерекшеліктері нақты мысалдар негізінде жан-жақты қарастырылған. Сонымен бірге авторлар олардағы ерекшеліктерді талдай келіп, білім берудің университеттік және университеттік емес секторларын нақты тәжірибе ретінде қабылдауды ұсынады. Соған орай батыстағы сырттан оқыту және кешкі бөлімдерде білім беру жүйелері де нақты деректермен сипатталған. Батыс елдеріндегі, дәлірек айтсақ, АҚШ-тағы, Ұлыбританиядағы, Франциядағы және Жапониядағы оқуға студенттер тарту жүйесінің 1980 жылдан басталатын және қазіргі тәуелсіздікке дейін созылатын нақты тәжірибелері 100 мың адамға шаққандағы студенттер санын талдау арқылы нақтылана түскен.
Монографияның Қазақстандағы білім мен ғылымды дамытудың ерекшеліктерін мүмкіндігінше тарихи хронологиялық негізде талдап көрсетуі де назар аудартады. Бұл жерде тоталитаризм қыспағындағы аталмыш салалардың алғашқы жетістіктері мен кедергілері нақты мысалдармен түсінікті және нақты көрсетілген. Еңбекте бұрын айтыла бермейтін көптеген кемшіліктер жоғары білім мен ғылымды дамыту барысын зерттеуде айқын көрініс берген. Тарихымызда зерттеуден тыс қалып келе жатқан ХХ ғасырдың 20-жылдарынан басталатын білім мен ғылымды орыстандыру саясаты алғашқы жоғары оқу орындарының оқыту жүйесін сипаттау арқылы айқындала түскен. Тіптен, 1960 жылдардың ортасында да Қазақстандағы студенттердің жартысынан көбінің славян тектестерден тұрғандығын және белгілі ғалымдарымыздың ана тілімізде білім беруді армандағанын тарихшы Е.Бекмахановтың “қашан өзіміздің ана тілімізде сөйлер екенбіз” деген арман-тілегінен айқын байқауға болады. Студент қазақтардың саны төмен болғандықтан, оқуды бітіріп шыққан мамандардың үлесінің де сондай болғаны зерттеуде атап көрсетілген.
Дегенмен де еңбектің құндылығы табыстар мен кемшіліктерді шұқшия талдап, қатар қарастыруында болса керек. Онда қазақ интеллигенциясының қайшылықты жағдайда ХХ ғасырдың 60-70 жылдар тоғысында қалыптасуының аяқталғаны туралы тұжырым нақты деректермен бекітілген және бұл аса құнды қорытынды. 70-80 жылдары студент қазақтардың сан жағынан өсу тенденциясының ұлттық интеллигенцияны қалыптастыруға үлкен ықпал жасағаны зерттеуде айқын байқалады. Сонымен бірге 1948-1952 жылдары ұзын ырғасы 200-ден астам қазақстандық ғалымдардың саяси сенімсіздер ретінде қуғындалғандарын оқырмандар осы кітаптан нақты біле алады. Академиктер Ш.Есеновтың Ғылым академиясының президенті қызметінен, Е.Бөкетовтің Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры қызметінен босатылуы да осы қуғын-сүргіннің жалғасы еді.
Зерттеуді құнды ететін тағы бір нәрсе – Қазақстандағы ғылым және білім мәселелерінің басқа ТМД елдері көрсеткіштерімен салыстыру негізінде зерттелуі. Жоғары білімді қаржыландыру саясатының қыры мен сыры, саясаттың ұйымдық және нормативті-құқықтық негіздері еңбекте арнайы зерттелген. 90-шы жылдардағы еңбек нарығындағы жұмыс күшіне деген ұсыныс пен сұраныс мәселелері, жұмыссыздық, жұмыссыздар арасындағы әйелдердің үлесі нақты сандық мәліметтер негізінде көрсетілген. Жоғары білімді дамытудың қолданыстағы заңнамаға тәуелділігі, осыған байланысты алда тұрған нақты міндеттер де ғылыми талдаулардың мәліметтерін қорыту нәтижесінде жан-жақты талданған. Зерттеушілердің назарынан 1991-2006 жылдар аралығындағы Қазақстан Республикасындағы жоғары оқу орындары мен олардағы студенттердің санын (облыстарға шаққан мәліметтермен) арнайы кесте түрінде талдап көрсетілген.
ХХ ғасырды және тәуелсіздік тұсындағы кезеңді жан-жақты және сапалы талдаған зерттеу мемлекеттік ғылыми саясатты және оның нәтижелерін арнайы қарастырып, қазіргі күннің тәртібінде тұрған ғылым саласындағы реформалар алға қойып отырған міндеттерді нақтылай түскен. Ғылым саласындағы реформалардың барысы мен тәжірибесін қарастырған авторлар осы бағытта қолданылған тәуелсіздік тұсындағы жаңа қаулылардың негізгілерін түгелге жуық қамтуға күш салған. Онда 1991-2002 жылдардағы еліміздегі ғылыми зерттеу жүргізген ұйымдар санын салалық бағыттар бойынша сипаттай отырып, ғылыми-техникалық сала ұйымдарының аймақтар бойынша орналасуын да арнайы кесте бойынша берген.
Ғылымның дамуында оған негізделген өнімнің халықаралық ауқымда жоғары дамып келе жатқанын, мұндай өнімдерді сату көлемінің соңғы 20 жылда 5 есеге көбейіп, 1 трлн. евродан асқаны барлық басты елдерде ғылыми зерттеулерге баса назар аударыла бастағанының мысалы ретінде аталып өтеді.
Қазіргі кезеңнің басты мәселелері ретінде зерттеушілер жаһанданудағы әлемдік ғылыми-технологиялық кеңістікті қалыптастыру мәселелерін, басқа дамыған елдермен Қазақстанның халықаралық деңгейде ғалымдар мен мамандар алмасу нәтижелерін, әлемдік кеңістікте бәсекелестікке төтеп беру үшін Қазақстанның 2015 жылға дейінгі ішкі өнім құрылымындағы ғылыми және жаңашыл ғылыми қызметтің сипатын терең талдаған. Алда тұрған басты міндеттердің бірі Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылға дейін ғылымды дамытуға инвестицияны 25 есе көбейтіп, оны жылына 350 млрд. тенгеге дейін жеткізу міндетінің шын мәнінде жүзеге асып келе жатқаны да нақты зерттеулердің нәтижесінде байқалады. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін жүргізілген реформаның мемлекеттік бағдарлама түрінде қабылданғаны, онда мамандарды шетелде оқытумен қатар техникалық, жаратылыстану және қоғамдық ғылымдар саласында тиянақты зерттеулермен айналысатын оқу орындарын, яғни университеттерді дамыту басты міндеттердің бірі ретінде нақтыланған.
Зерттеушілердің жоғары білім мен ғылым саласындағы мемлекеттік саясаттың тағылымы мен болашағына арнайы көңіл бөлуі де аса маңызды. Мұнда авторлар жоғары білім мен ғылымды ұйымдастыру тәжірибелерін қорыта келіп, оларды дамытудың мүмкіндіктерін де нақтылап көрсетеді. Иә, маңызды мәселенің сан қырлы жақтарын көтерген зерттеуші ғалымдар бұл монографиялық зерттеуде бүкіл қазақ интеллигенциясын толғандырған бүгінгі дәуірдің аса өзекті мәселелерін талдаған екен. Көптеген деректерді және сандық мәліметтерді екшеп, ғылыми айналымға қосу авторлардың бұл мәселені жан-жақты және терең білетіндіктерін де байқатып отыр. Зерттеу көп жылдарға созылған ғылыми ізденістің нақты нәтижесі және онда болашағымызға байланысты көптеген салиқалы пікірлер және орнықты ойлар мен басалқалы тұжырымдар бар. Осыны ескере келе, зерттеу жұмысы жоғары білім мен ғылым мәселесін басқарумен айналысатын азаматтардың жұмысын тиімді ұйымдастыруға жағымды ықпал жасар деген ойға тірелдік.
Талас ОМАРБЕКОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің кафедра меңгерушісі.