Аймақтар • 21 Наурыз, 2020

Берген бағаға қанағаттанбайтындар тыншынан айрылуда

300 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавлдың «Жас Өркен» мөлтекауданында қаладағы ең алғашқы, биіктігі 18 қабатты 108 пәтерлік тұрғын үй салынуда. Бұл құрылысты «Основание» ЖШС жүргізіп жатыр. 

Берген бағаға қанағаттанбайтындар тыншынан айрылуда

Жуырда осы құрылыстың маңындағы жерін ұсынған бағаға бермей, коттеджін бұздыруға қарсы болып отырған жекеменшік үйдің қожайыны құрылысшылардың тәуліктің түнгі мезгілінде де жұмыс істеп, өздеріне ұйқы бермейтіндігіне шағымданған. Мұндай шағымды ол бұрын да бірнеше рет берген екен. Соңғы шағым бойынша қаланың құрылыс және архитектура бөлімінің сектор меңгерушісі М.Мұқышева жауап беріп, үйдің қабырғалары мен төбесінің құрылыс материалдары үздіксіз құйылатын бетонмен арнаулы технология арқылы жасалатын монолиттен тұратынын айтты. Сондықтан жұмыс тәуліктің түнгі мезгілінде де жалғаса береді екен. Алайда ол техникалық бақылау қызметінің ескертпе жазуына байланысты, тұрғындардың тынышын алатын болғандықтан түнгі жұмыстар бұдан былай түнгі мезгілде тоқтатылатынын айтты.

Алып құрылыстың жанындағы Е.Семидоцких деген әйелдің коттеджі құрылыс үшін алынатындығы туралы хабарлама сонау, 2016 жылы берілген екен. Алайда Е.Семидоцких өзінің үйі үшін берілуге тиісті өтемақыны өкіртіп сұрап отырған көрінеді. Ол әрбір шаршы метрге 330 мың теңгеден талап етеді. Ал бұл бағаны әкімдіктің мамандары өте қымбат дейтін көрінеді. Бірақ сақтандыру компаниясы мамандарының үлкейтіп көрсеткен бағасын алға тартып, әйел де көнер емес.

Сөйтіп, екі жақтың келісе алмағандығының салдарынан құрылысқа да кедергі туып, тұрғындар да тынышынан айрылуда. Нәтижесінде осы құрылыстан пәтер алу үшін ақшаларын төлеп қойған қала тұрғындары да зардап шегуде.

ПЕТРОПАВЛ