24 Тамыз, 2013

Даниялықтар Русалканың жүз жылдығын атап өтті

281 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Русалочка в Копенгагене-1

Тамыздың 22-сі күні Данияның астанасы – Копенгаген қаласының тұрғындары өз орталықтарында Ганс Христиан Андерсен ертегісінің кейіпкері – Русалканың статуясы орнатылғанына жүз жыл толғанын кең көлемде атап өтті. Бұл туралы «Газета.Ру» агенттігі хабарлады.

Бұл күні Копенгагеннің әлденеше мыңдаған тұрғындары мен жүздеген қонақтары қала порты жанындағы Русалканың мүсіні жанына жиналып, ән салып, ертегі оқыды. Сонымен бір мезгілде су перісінің киімін киіп алған көптеген жас әйелдер ескерткіштің жанында суға түсті.

Русалка – дат астанасындағы айрықша нышандардың бірі. Осы кезге дейін оның, бірақ, көрмегені де жоқ екен. Бір кездері ескерткішті қиратып тастамақ болып, оны балғамен ұрғылағандар да, үстіне бояу шашқандар да болыпты. Алайда, қоладан құйылған тас мүсін бәрібір мызғымаған. Есесіне, сосын оны қорғайтындар көптеп табылған.

Мұрат Айтқожа.