Онлайн демекші, бүгінгі Қарағандының төтенше жағдай жарияланғаннан бергі тіршілігін құдай тілеуіңді бергір осы виртуалды дүниесіз елестете алмайсыз. Дүкеннен азық-түлік, дәмханадан дайын тағам немесе дәріханадан дәрі-дәрмек алдыру керек пе, Belsendi Azamat жобасы жасап шығарған бірыңғай сайтқа тапсырыс бере саласыз. Үйде шалқалай жатып, онлайн-экскурсия жасағыңыз келді ме, мархабат, интернетке кіресіз де, облыстағы бес бірдей мұражайды, тіпті әлемнің әйдік музейлерін виртуалды түрде аралап кете барасыз. Ол ол ма, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен ДАМУ Ақпараттық технологиялар орталығы компаниясы жасап шығарған «Виртуалды патронаж» жобасының көмегімен үйден шықпай-ақ денсаулығыңызды бақылай аласыз. Яғни, Damumed бағдарламасын Play Market немесе Apple Store арқылы тегін көшіріп алып, мобильді қосымшаның көмегімен коронавирусқа тән белгілерге өз бетіңізбен мониторинг жүргізе бересіз...
Хош. Біз шаш алдырып жүрген Diva шаштаразы үйден төрт-бес аялдама жерде. Жаяу жүрсеңіз төрт-бес шақырымдай жайымен болады.
Үйден шықсам, таксиім күтіп тұр екен. Рөлде – жас шамасы отызға келіп қалған орыс жігіті. Бірден көз жүгіртіп өткенімде, көлік ішінің мұнтаздай таза екенін көріп, жүргізушінің клиентке деген құрметіне бек риза болдым.
– Мереке құтты болсын! – дедім жүргізушіге ресми тілде.
– Сізге де, – деп ол ықыласпен жауап қатты.
– Қандай мереке екенін өзің білесің бе? – деп әдейі сұрадым.
– Әрине, Наурыз, – деп күле жауап берді ол көлігін оталдырып жатып.
Көшеде адамдар аз, көлік деген жоқ десе де болады, бірен-саран ғана. Әдеттегідей Бұқар жырау даңғылы мен Комиссаров көшелерінің қиылысында кептеліс болушы еді, жұл жолы бағдаршамның жасылы жанған бетте көшенің арғы жағына зу етіп еркін өтіп кеттік.
Жол қысқа болса да, көлік тізгіндеген жігітті әңгімеге тартып келемін. Ныспысын сұрап едім, «Толик» екен.
– Қазақша сөйлеу білесің бе, Толик?
– Жоқ. Мұғалімдеріміз мектепте дұрыс оқытпады...
– Е, Толик, одан да өзімнің үйренгім жоқ десеңші, – деп жүзіне сынай қарадым.
Толик жымиып күлді. Тіпті, басын әнтек изеп, келіскендей де болды...
– Мысалы бар ғой, Толик, ауылда бізді орыс тіліне оқытқан мұғалімдер жаман болған жоқ. Оларға еш кінә таға алмаймын. Ал шынын айтқанда, мектеп бітіріп қалаға келгенімізде орысша дым да білмейтінбіз. Келдік те, орысшаны міндетті түрде үйрену керектігіне көз жеткіздік. Сөйтіп, айналдырған жарты жылдың ішінде ағып тұрмасақ та, орыстың сұлу қызын киноға шақыратын дәрежеге жеттік, – деп бір тоқтадым да, Толиктің жүзіне үңілдім.
Обалы нешік, ықыласпен тыңдап отырғандай кейіп танытты.
– Ал сен болсаң, Толик, Қазақстанда туғаннан бері тұрып келе жатсаң да, бір ауыз қазақша білмейсің... – дедім.
Рас дегендей басын изеп, мойындады.
– Бірақ, сен қазір қазақша сөйлеудің қажет екенін естіп-біліп жүрсің. Рас қой?
Ол тағы да басын изеді.
– Қазақша үйренудің түк те қиындығы жоқ, – деп әңгімемді жалғастыра түстім. – Мысалы, саған қазақ клиент отырды ма, «Сәлем! Қалайсыз?», деп амандас. Түсерде: «Сау болыңыз!», де... Ал кейде клиенттің саған: «Өзің қалайсың?», деуі мүмкін. Сонда сен не деп жауап бересің?
Толиктің тұздай көздері бажырайып, маған сұраулы жүзбен қарады. Түсінікті...
Сөйткенімізше болған жоқ, діттеген жерге де келіп жеттік. Толиктің қолындағы смартфоннан «480 теңге» деген жазуды көрдім. «Тәубе» дедім іштей, такси қымбаттамапты, сол бұрынғы баға...
Толикке рахметімді айтып түсіп жатыр едім, «Сау болыныз!», деді қазақша. Көлігінің есігін ризашылықпен ақырын ғана жаптым...
Әдеттегідей, қолы алтын Володя шебер шашымды ойдағыдай қысқартып берді. Өткен жолы еңбек демалысын алып, Ресейге қыдырып барам деп отырған. «Отмена берді ғой, билеттерді өткіздім», деді. Пойыз билетін Ресейдің рублімен алған екен, өткізгенде әрбір билеттен біздің ақшаға шаққанда бар-жоғы бір мың теңгеден ұстап қалыпты...
Шаштаразда үш шебер жұмыс істеп тұрды. Ешқайсынан бетперде көрмедім. Шаш алдыруға келгендердің де маска тағып алғаны жоқ. Беймарал тірлік...
Володямен жылы-жылы қоштасып, әкімшіге әдеттегідей екі мың теңге ұсынып жатыр едім, «Бес жүз теңгеге қымбаттаған», деді етжеңді орыс әйелі. Қу ақшаның аз болсын, көп болсын, адамның көңіліне әсер етпеген кезі бар ма? Шақшамнан айырылып қалғандай біртүрлі күйге түстім әлгі жерде...
Тысқа шықтым да, үйге дейін жаяу барайын деп шештім. Облыстық әкімдіктің ғимаратын айналып өтіп, Орталық әмбебап дүкені, «Абзал» сауда үйі орналасқан орталық алаңды бетке алдым. Жолда спорт тауарларын сататын «Планета спорт» дүкеніне бас сұқтым. Ішінде біраз адам бар екен. Сатушылардың бір-екеуінде маска, басқасы түк болмағандай өз шаруаларымен алаңсыз айналысып жүр. Тұтынушылар да беттерін тұмшаламаған...
Әлгі дүкеннен шығып, кеншілер астанасындағы ең үлкен көше – Бұқар жырау даңғылының бойына келдім. Әншейінде автокөлік дегеніңіз көктемде тасыған өзеннің сеңіндей жөңкіліп жататын күре жолдың үсті боп-бос болып жатыр. Аялдама үш-төрт адам ғана тұр. Маска тағып, мазасызданып жүрген тірі жанды тағы көрмедім...
Жүріп келе жатып жолай бір-екі жерден қоқыс төгуге арналған орындарды көзім шалды. Аузы-мұрнынан шығып, ыбырсып жатыр. Күні кеше ғана облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің күл-қоқысқа толып кеткен қаланы аралап шыққаннан кейін, шаруасына шорқақ кәсіпорын басшыларын, әсіресе «ГорКомТранс» жетекшісін қатты сынға алғаны сап етіп есіме түсті.
«Күн сайын тұрғындар үлкен қоқыс үйінділерін әлеуметтік желілерде жариялайды. Біз сіздерге сендік, жұмыстың көп бөлігін бердік. Жағдай қала тұрғындарының наразылығын тудыруда. Тазалауды тездетіңіздер. Октябрь ауданының әкімдігіне шартты бұзу және оны бұзу бойынша қатаң шаралар қабылдау қажет», дегенін оқығанымыз бар еді облыс басшысының.
Әкімнің «Октябрь ауданы» деп тұрғаны түпкірдегі Майқұдық қой. Ал мен көріп, суретке түсірген көріністер қаланың орталық көшелеріндегі жағдай. Шаштаразда бес жүз теңгеге бола бұртиып қалған қайран көңіл одан сайын бұзыла түсті... «Сонда, бұл қаладағы үлкенді-кішілі атқамінерлердің облыс әкімінің сөзін құлағына ілмегені ме, мұнысы қалай?», деген ойдың сумаң ете қалғаны да рас еді. Корновируспен күресте індет жұқтырған екі адамды емдеп жатқан қалада ең алдымен қолға алынуға тиісті шаруаның бірі осы тазалық емес пе?!
Қала көшелеріндегі қар біршама еріпті. Тас жолдар жалаңаштанып, су шайып, бетоны морып кеткен ойқы-шойқы асфальттің қыс баласы жасырынып келген бар сыры аймаңдай болып ақтарылып жатыр...
Көңіл-күйдің сәл-пәл түскені болмаса, жалпы алғанда алып қаланың аспай-саспай, сабырлы қалпын бұзбаған беймарал тірлігі, халқының үрейге бой алдырмаған ұстамды жүріс-тұрысы адамға кәдімгідей күш беріп, сенім сыйлайды екен.
Үйдің табалдырығын аттағанда сүрдің мұрынды жарған иісі коронавирус атты бәлекет салған ылаңның барлық бейнетін ұмыттырып жібергендей болды.
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Аты жаман індет ел ішіне тарамасын!
Қарағанды облысы