Еріктілер негізінен елді мекендегі ғимараттар мен адам көп жүретін көшелерді дезинфекция жасауға қол ұшын беріп, мұқтаж отбасыларға азық-түлік тасымалдау, медициналық антисептик, жеке гигиеналық заттар және маскамен қамтамасыз етумен де айналысуда.
Сондай-ақ «Мейірімді Жетісу» еріктілердің фронт-кеңсесінде тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желі іске қосылған. Тұрғындар орталыққа әлеуметтік желі және телефон арқылы өз өтінішін айтып, көмек сұрай алады. Бүгінге дейін 117 адам фронт-кеңсені әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы көмек сұраса, 78 адам жедел желіге қоңырау соққан екен.
- Бүгінге дейін еріктілердің бастамасымен әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға, жалпы 357 отбасына әлеуметтік көмек көрсетіліп, азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Облыстағы 1300 волонтердің атсалысуымен 3000 маска тігіліп, тұрғындарға таратылды. Үйден шығып, азық-түлік алуға мүмкіндігі жоқ тұрғындарға көмек ретінде жеткізіп беру қызметіне автоеріктілер тартылды, - дейді Алматы облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Жомарт Қаратас.