Спорт • 23 Наурыз, 2020

Канада және Аустралия жазғы Олимпия ойындарына барудан бас тартты

201 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Аталған елдердің Ұлттық Олимпиада комитеті Токиода өтетін Олимпиаданы коронавирус індетіне байланысты бір жылға шегеруді ұсынып жатыр.

Канада және Аустралия жазғы Олимпия ойындарына барудан бас тартты

Егер төрт жылдықтың басты додасы жоспарланған уақытта өтер болса, Канада мен Аустралияның Олимпиада және Паралимпиада комитеті Токиоға спортшыларын жіберуден бас тартып отыр.

Канада Олимпиада және Паралимпиада комитеті Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК), Халықаралық Паралимпиада комитеті мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына (ДДСҰ) Олимпия ойындарын бір жыл кейінге шегеру туралы ұсыныс жасады.

Сонымен қатар АОК Атқарушы кеңесінің отырысында Аустралия спортшылары шетелде және елдің басқа аудандарында дайындалатындықтан, қазір жаттығу жұмыстары тоқтап тұрғанын, спортшылар мен олардың маңайындағы адамдардың денсаулығы бірінші орында екенін алға тартып, Токиодағы Олимпия ойындарына бара алмайтынын мәлімдеді.

Канада мен Аустралияның ізін ала Ирландияның Олимпиадалық комитетінің бас директоры Питер Шеррард та Олимпиаданы келесі жылы өткізуді қолдайтынын жеткізді.

Айта кетейік, 2016 жылы Бразилияда өткен жазғы Олимпия ойындарына Канададан 314 спортшы қатысып, 22 медаль жеңіп алса, Аустралиядан 421 спортшы бақ сынап, 29 жүлде олжалаған-ды.