Қоғам • 23 Наурыз, 2020

«Ғылымға көңіл бөлсеңіз...»

2787 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ғылымның басты құрал екенін Әлихан Бөкейхан өзінің «Білім күші» атты мақаласында кеңінен айтады.

«Ғылымға көңіл бөлсеңіз...»

Мектеп бағдарламасында оқытылып, жанымыз қалмай жаттаған «Ғылым таппай мақтанба» деп басталатын бас ақынның өлеңін білмейтін қазақ жоқ деп ойлаймыз. Жаттауын жаттадық қой, алайда алып Абайдың осы ойлы сөзін ойын баласы толық түсініп, зердемізге зерек тоқи алдық па? Бала тұрмақ басын боз қырау шалған жігіт ағасы осы жырдың тетігін тауып, тереңіне бойлай алды ма?

«Дүние де өзі, мал да өзі,

Ғылымға көңіл берсеңіз».

Әңгіме отандық ғылымның жай-күйінен шығып отыр. Кеше Мемлекет басшысы пандемияға қарсы еліміздегі күрес жұмыстарын үйлестіретін Орталықтың жұмысымен танысу барысында біршама өзекті мәселеге тоқталып, соның шешу жолдарын қарастыруды тапсырды. Берілген тапсырмаларының ішінде отандық медицинаны, соның ішінде, санитарлық-эпидемиологиялық қызметті және медицина ғылымын дамытуға баса мән беру керек деген пәрменді сөзі барлығымызды біршама ойға қалдырды.

Шынымен бұған дейін білім-ғылымның өз саласындағы салғырттық па, әлде сырттан соққан салқындық па, өркениеттің өріне сүйрер өз ғылымымызға  көңіл көп бөлінбей келгені өтірік емес. Елімізде ғылымға бөлінетін қаржы жалпы ішкі өнімнің болмашы ғана пайызын құрайды. Бұл бойкүйездік бір күні жарға жықпаса да, жақсылыққа апармайтынын төреші уақыт әлі де дәлелдей береді.

Өткен ғасырдың басында Алаш мұратын арқалаған ақын Міржақып Дулатұлы:

«Үш жүзге біздің қазақ бөлінеді,

Осылай шежіреден көрінеді.

Саны көп, сапасы жоқ, һәммадан бос,

Ғылымға мойын ұсынбай ерінеді...» депті. Одан беріде азаттықтың арайлы аппақ таңы атып, білім қуған жастарымызды лек-легімен шетел асырып, білім алуға арнайы бағдарламамен аттандырғандай едік. Нәтижесін көреміз дегелі де ширек ғасырды шиырлап тастадық.

«Қазір бүкіл әлемнің және бүкіл әлемдік экономиканың тағдыры ғалымдардың қолында. Бұл артық айтқандық емес. Әлемнің тағдырын футболшылар, шоу-бизнес өкілдері емес, ғалымдар шешеді. Біз осы жағдайдан сабақ алуға тиіспіз», деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жалпы, ғылымды ілгерілету мәселесіне біздің қазақ бүгін ғана бетпе-бет келіп отырмағанымызды алаш арыстарының қай-қайсы болсын айтып келді.

«Ғалым болмай немене,

Балалықты қисаңыз» деген хакім ғақлиясын өткен ғасырдың басында алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан да қуаттапты.

Ғылымның басты құрал екенін Әлекең өзінің «Білім күші» атты мақаласында кеңінен айтады. «Өткен дүние соғысында білім жеңді» дей келіп: «Франсияда Луи Пастер құрған білім ұясы – Пастер институты бар. Мұнда не қылатынды осы санда жаздық.  Енді осы білім ұясында оба, сүзектің ұрығын бомбаға салуды тапқан. Бұл бомбаны айропланмен жаудың жеріне апарып тастап, майданда жоқ, сыртта жатқан жалпақ елді айропланмен жаудың жеріне апарып тастап, майданда жоқ, сыртта жатқан жалпақ елді айропланмен қырмақ. Білімге жақсы да, жаман да жоқ. Білім алмас қанжар. Кім қолына алса, соның қолы салып қалса, жақсы-жаманды айырмай басты алып түседі. «Адам баласы – хайуанның ең ант атқаны» деген Достоевскийдің сөзін Европа дәлелдеді білем», деп түйіпті.

Әлекеңнің бұл жерде ғылым адамзаттың игілігі мен өркениет жолына қызмет ету керек деген терең пайымын аңғару қиын емес. Рас, білім – екіұшты қанжар сияқты қару. Жайын бақпасаң жан-жағыңды жарақаттайсың, өзіңді де жарға жығасың. «Тәрбиесіз берілген білім адамзатқа тек қасірет әкеледі» деген әл-Фарабидің ойын ғалым Әлекең осылай толықтырады. Бүгінде адамзатты алаңдатып отырған дауасыз дерттің шығуына бір жағы білім мен ғылым жетістігінің астам әсері ме деген де ой жоқ емес.

Не десек те  білім мен ғылым адамзатқа ізгілік нұрын шашар өркениет жолында қызмет етуі керек. Бұл ретте біздің ғалымдарымыздың көкжиегін барынша кеңейтіп, тар зертханалардан табысты жаңалықтар мен жетістіктерге жетуіне жағдайды жедел жасаған жөн. Түсінікті тілмен айтсақ, қаржысыз ғылым – қажырсыз ғылым.

Мирас АСАН,

«Egemen Qazaqstan»