Аймақтар • 24 Наурыз, 2020

Сарысулық диқандар дала жұмысына кірісті

186 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

 Көктем келіп, күн жылына салысымен Сарысу ауданының диқандары көктемгі егіс дала жұмыстарына кірісіп кетті.

Сарысулық диқандар дала жұмысына кірісті
 

Бүгінде жалпы аудан бойынша 21128 гектар жерге 3150 тонна бидай себілген. Оның 4600 гектарына жаздық арпа, 1000 гектар суармалы жеріне мақсары, 40 гектарына картоп, 230 гектарына көкөніс, 300 гектарына бау-бақша, 4798 гектарына жалпы көпжылдық жоңышқа егіледі.

 Мұның 860 гектары биыл егілетін болса, 1487 гектар жер жаңартылып, демалдырылуда. Сонымен қатар, Жамбыл облысында қарқын алған өңір тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға арналған пилоттық жоба аясында Сарысу ауданында мал өсіру, егістік егу жоспарланған. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған пилоттық жоба бойынша бүгінде ауданда 275 адам 752 миллион теңге көлемінде несие алған.
Аталған пилоттық жоба аясында «Саудакент-2019» кооперативінің төрағасы Бегайдар Айтбаев 19 миллион 600 мың теңге несие алып, егістікпен айналысуда. «Суармалы 50 гектар жерге жоңышқа, 15 гектарына сүрлемдік, 15 гектарына дәндік жүгері себемін. Бұл орайда Саудакент ауылында да 20-25 адамды маусымдық жұмыспен қамтуғамүмкіндігіміз бар», дейді Бегайдар Айтбаев.

Сол сияқты Түркістан ауылдық округі де бүгінде «Көсегенің көк жонынан» бөлінген 315 гектар жерді жыртуды бастап кетті. Қазіргі кезде 50 гектардан астам жер жыртылған. Сонымен қатар, қажетті жұмысқа жергілікті тұрғындар тартылуда. Қазірдің өзінде әрқайсысы жұмыс бағытына қарай 60-80 мың теңге аралығында айлық алады екен.

 

Жамбыл облысы