Білім • 25 Наурыз, 2020

Қыздар университетінде 810 пән онлайн оқытылуда

141 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің оқытушылары әлеуметтік желідегі жеке парақшаларында қашықтан оқыту технологиясы бойынша атқарып жатқан жұмыстарын пост арқылы тұрақты жарияламақ.

Қыздар университетінде 810 пән онлайн оқытылуда

Атап айтқанда, еліміздегі іргелі педагогикалық оқу орнының ұстаздары өз жазбаларында студенттердің тапсырмаларын тексеруін, оқу материалдары мен тест тапсырмаларын онлайн түрде білім алушыға жеткізу шеберлігін егжей-тегжейлі жазып отырады.

Бұл туралы Қыздар университетінің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында нақты айтылды.

Сонымен қатар білім ордасының әрбір студенті әлеуметтік желідегі өз парақшасына онлайн оқыту технологиясы бойынша алған әсері туралы, сабаққа дайындалу барысы жайлы, оқытушылардың білім беруі турасында және онлайн білім алудың өзіндік ерекшелігі жайында пікірлерімен бөлісіп отырмақ.

Өз кезегінде оқу орнының баспасөз қызметі арнайы хэштегтер арқылы желіде жарияланған жазбаларды, бейне және фото материалдарды сараптап, талдау жасайды.

Осы орайда айта кетейік, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті қашықтан оқыту технологиясын пайдалана отырып білім беруді тиісті деңгейде атқарып келеді.

«Университет 7 жылдан бері аталған технология бойынша жұмыс істейді. Яғни, бұл – қашықтан оқыту технологиясы бойынша профессор-оқытушылардың тәжірибесі бар деген сөз. Бүгінде университет аумағындағы интернеттің жылдамдығы 305Мб/с. Ғаламтор желісіне қосылған арнайы компьютерлік сыныптар даярланған. Сонымен қатар білім ордасына тиесілі барлық жатақханалардағы компьютерлік сыныптар да интернетке қосылған. Қазіргі күнде Қыздар университетінде қашықтан оқыту технологиясы арқылы 810 пән оқытылуда. Ол бакалавриаттың 2879, магистратураның 380 және докторантураның 58 білім алушысын қамтиды», – деп атап өтті оқу орнының ресми өкілі Жандар Асан.