Маңғыстау облысы қан орталығының директоры Рафаэль Сарсамалиевтың айтуынша, қанға деген және оның компоненттеріне сұраныс төмендеген жоқ, алайда осылай жалғаса беретін болса, медициналық мекеме сұраныс берушілердің өтінішін орындай алмауы ғажап емес. Бұл жағдай тек Маңғыстау өңірінде ғана емес, жалпы республика бойынша сезіле бастаған.
- Сол себепті біз барлық ерікті донорларды қан тапсыруға шақырамыз. Біздің орталықтың есігі ашық, ал мамандарымыз болса бетперде киіп жүреді. Яғни, қандай да бір ауруды жұқтыру қаупі жоқ деп сендіре аламыз. Оның үстіне бұрынғыдай халық көп келуді азайтты. Ал қан тапсыруға ниет білдіргендер болса, олармен алдын ала сөйлесеміз, егер де жақын арада алыс немесе жақын шет елдерде болғандары болса, олардан мүлдем қан алынбайды, - дейді ол.
Жалпы өңірде қан және оның компоненттерімен 14 медициналық ұйым қамтамасыз етіледі. Олардың ішіндегі ең ірі мекемелер қатарына облыстық аурухана, көпбейінді балалар ауруханасы, онкологиялық диспансер, облыстық және қалалық перинаталдық орталықтары, сонымен қатар қалалық және аудандық ауруханалар бар.
Өз сөзінде Рафаэль Сарсамалиев қан құю ең алдымен жол-көлік оқиғасынан, өндірістік нысандарында жарақат алғандар, ауруханада түрлі күрделі ота жасағанда, сонымен қатар перинаталдық орталықтарда босанған әйелдерге қажет екендігін айтады. Әсіресе, онкологиялық ауруға тап болған жандарға, оның ішінде лейкоз және гемофилияға шалдыққандардың өмірін ұзартуға ауадай қажет. Мәселен, химиотерапиядан соң науқасқа тромбоцит, эритроцит және белоктар қорын толықтыру үшін аса қажеттілігі туындайды.
- Әрине, жағдай қатты қиын деуден аулақпын, ал қан қоры болса әзірге жетеді, алайда қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Сол себепті алдын ала жұмыс істей бергенді жөн санап отырмыз. Мәселен, күтпеген жерден техногендік жағдай болса, барлық мекемелерді қанмен қамтамасыз ете алмауымыз мүмкін. Ал енді донорлық адам денсаулығына зиян ба, әлде пайдалы ма деген сұраққа келетін болсақ, қан тапсыру адамның ағзасына өте пайдалы екендігін тағы бір еске сала кеткен дұрыс деп есептеймін. Сол себепті үрей болмасын, керісінше адам бойындағы қан айналымы жақсарады және денсаулыққа ешқандай зияны жоқ деп сендіргім келеді, - деп түсіндіреді Рафаль Сарсамалиев.
Айта кету керек, қан орталығы көбіне ерікті донорларды тартады. Кейбір өңірлерде ақылы түрде донорлыққа тарту мүлде жоқ. Мемлекет өз тарапынан қан, трамбацит және плазмаға тиісті мөлшерде қаржы бөлу мәселесін қарастырған.
Маңғыстау облысы