Аймақтар • 25 Наурыз, 2020

Зейнеткерлерді тақырға отырғызған

278 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавл қаласында өзін еріктімін деп таныстырып, зейнеткерлерді алдаған алаяқ ұсталды. Зардап шегуші кейуананың айтуына қарағанда, алаяқ әйел Наурыз мейрамын тойлауға орай оған әкімдіктің атынан бір мың теңге тарту берілетінін және ертең азық-түлік пакетінің жеткізілетінін айтып сеніміне кірген. Сосын кейуанаға қалтасынан бес мың теңге беріп, артығы – төрт мың теңгені қайтарып беруді өтінген. Ақша берілетініне және азық-түлік пакетін алатынына қуанған кейуана алаяққа төрт мың теңгені қолма-қол қайтарып береді. Сөйтсе... ол сувенир ретінде жасалған ақшаның көшірмесі екен.

Зейнеткерлерді тақырға отырғызған

Кейуананың сеніміне әбден кіріп, асықпай әңгімеге тартқан алаяқ жалған екі мың теңгесін де айыртып алады. Алданғанын артынан білген 76 жастағы кейуана полицияға шағым жасаған. Дәл осындай оқиғаны басқа қартаң әйел де басынан кешкен екен. Ол да полицияға шағынып үлгереді.

Алаяқтың ізіне жедел түскен полиция қызметкерлері оны бір тәуліктің ішінде ұстады. 39 жастағы алаяқ әйел бұған дейін де осындай қылмыс жасап, түрменің дәмін татып шыққан адам болып шықты.

Қазір оның үстінен алаяқтық және ұсақ ұрлық фактілері бойынша Қылмыстық кодекстің 190 және 187-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Ұсталғанға қатысты "міндетті келу" бұлтартпау шарасы белгіленді. Осыған байланысты мәлімдеме жасаған СҚО Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Петр Климов:"Барлық азаматтарды сақ болуға және егде жастағы туған-туыстарыңызды алаяқтардың әрекеті туралы ескертуге шақырамыз. Алаяқтар сенгіш азаматтарды құрығына түсіру үшін коронавирустың таралуына қатысты туындаған жағдайды да пайдалана отырып, түрлі оқиғаларды ойдан шығарып, айлаларын жүзеге асыруға бейім", - деді ол.

 

ПЕТРОПАВЛ