Қоғам • 25 Наурыз, 2020

Адамзат жаһанданудан құтылуға асықса, қазақ ауылына асығып жатыр

1828 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бұл фактор қазақтың, Қазақстанның тамырынан ажырамағанын көрсетіп тұр. Осыған дейін қарабайырлау, тіпті жаттандылау болып көрінген түсінікті пандемия бір аптаның ішінде бәсін асырып жіберді.

Адамзат жаһанданудан құтылуға асықса, қазақ ауылына асығып жатыр

Кеше  дипломат досым Батырхан Құрмансейіт әлеуметтік желідегі парақшасында «Қазақты Қара шаңырақ құтқарады» деп басталатын эссесін жариялап, үш-төрт жыл бұрын Элис Мертон есімді еуропалық әнші қыздың ағылшын тілінде жазылған «Тамырым жоқ» («No Roots») атты әдемі әнінің әлемдік хит болғанын еске түсірді.

«Әкесі ирландық, шешесі неміс Элис бала кезінен әлемнің әр қаласында өмір сүріп, бойжете келе «Мен кіммін?», «Мен қайданмын?» деген адам баласы үшін ең негізгі сұрақтарға жауап іздей бастайды. Неміс тілін оқып, нағашы апасының әңгімесін көп тыңдайды. Сөйтіп жүріп шығарған «Тамырым жоқ»  әнінде «Менің тамырым жоқ, менің үйім ешқашан жерде болмаған. Үй салам да, оны қашан кім бұзар екен деп күтіп жүрем. Сыған құсап қаңғырып жүріп күн кештім, қайдансың деп сұрасаң, «әр жерденмін» деп жауап берем» деп шырқайды жас әнші. Тамырын іздеген, түп-төркінін іздеген адамның жанайқайы дерсіз... Оқу қудық, жұмыс қудық, ауылдан кетіп, қалада тұрып жатырмыз. Әр баламыз әр қалада, тіпті әр елде дүниеге келді. Өсіп жатыр, құдайға мың шүкір дейміз. Осы емес пе еді аңсағаның, армандаған арманың дейміз... Бірақ деймін де, бұл байғұстар болашақта «кіндік қаным тамған жер» деп қай жерді айтады, «туған үйім» деп қай ел, қай қаладағы қай пәтерді атайды? «Әкем салған үй» деген, құдай-оу, «Қара шаңырақ»  деген болмай ма сонда бұларда?
Сонда қалай болды, не болды сонда? ...Ауылда қалған қара шаңырақ анау. Ол үйді соққан әкең өлді, бауырың сенен кем бе еді, ол да қалмады қалаға безіп, қыз ол кетті кететін жеріне, қыздан басқа не сұрау бар. Бізді қойшы, бізде арман бар ма, әкең салған үйде шешең бесікке салды. Әкең өлгенмен, бауыры қалса да, ағайыны қалса да, шіреніп ішіп-жеп жата алмасаң да ауылға барғанда қара шаңыраққа бір бас сұғып өтеміз. Әруақ үшін дейміз. Сағыныш қой сол тартып тұрған, сағыныш. Тамырға деген, түп-төркініңе деген сағыныш... Ал енді әрбірі әл елде, әр қалада, әр үйде туса, қарайтының «Крыша»  боп, жатсаң-тұрсаң арманың пәтер алу, ала сап қайта сату, ауыстыру, алмастыру болса, пропискаң бір үйде, тұрып жатқаның тағы бір үй болса, ауыса беретін адресің анау болса, жадыда қалмас уақытша мекен жайың мынау болса, «Қара шаңырақ» қайдан шықсын. Анау  қарт құрлықтағы немістің жиен қызы «тамырым жоқ» деп жылап жатқанда дүние мен дүниетанымының діңгегі сол "Қара шаңырақтан" бастау алатын қазақ баласы тамырын жоғалтпаса екен. Жатырмыз, міне, карантин деп қаладағы үйде қамалып. «Алматы босап қалды деп жатырмыз, Астана бос қалды»  деп жатырмыз. Ауылы бар қазақ, ауылда әкесі калған қазақ, әкесі салған үй қалған қазақ, қара шаңырағы бар қазақ қайтты қаладан. Қызығып жатырмын. Елде жерің, жерде үйің барда, қара шаңырғың барда, тамырың барда не індеттен де дін аман қаласың, сен қазақ. Қазақты құтқаратын сол  «Қара шаңырақ», «Тамырсыз қалмасақ екен»деп толғанады қазақ дипломаты.

Бір кездері тамырынан айырылып қалған қазақтың бірер күннен бері тамырына асығып, ауа көшкенін ауыр да болса қабылдап жатырмыз.  Бір кездері жайлы өмір іздеп қалаға асыққан қазақты түп тамыры жатсынбапты. Себебі қалада туған қазақтың баласы «Мен кіммін?», «Мен қайданмын?» дейтін дәрежеге жеткен жоқ. Оған да шүкір.  Қазақстан тамырынан ажырамапты. Пандемияның ауылға жеткенін кешелі бері есітіп жатырмыз. «Ағайын – бауыр» деген түсінікті көзінің қарашығындай қорғап келген ауыл оның зардабын әлі түсініп үлгерген жоқ.  

Ал кеше Францияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Хуберт Ведринның «коронавирустық пандемиядан туындаған жаһандық дағдарыс жаһандану идеясының әлсіздігін көрсетті» деген пайымынан Батырхан Құрмансейіттің идеясының жалғасын таптық. Франциялық дипломат әлемдік эпидемияның пандемияға айналып кетуіне глобализация себепкер болып отырғанын айтты.

«Бүгінгі таңда халықаралық құрылымдардың (БҰҰ, ДДСҰ, G7, G20) дәрменсіз екенін мойындап отыр. Себебі  Еуропалық Одақ, біртұтас нарықтық және бәсекелестік саясат «трагедиясыз әлем үшін» құрылды. Олар мұндай жағдайдарла ешқандай әрекет жасай алмайды, ең дұрысы мемлекеттер сыртқа сенбей, өз күштеріне сенуі керектігін қазір көріп отырмыз»  деп санайды бұрынғы дипломат.

Қазіргі дағдарыс Францияның  ғана емес, өздерін алпауыттардың  көш басындамыз деген  деген  елдердің бұрын-соңды назарға алынбаған  осалдығын ашты.  Х.  Ведрин атап өткендей, жаһандық экономика әлемінде әскери саладан басқалары стратегиялық маңыздылығынан айырылып қалды. Руханият пен мәдениет тақырыбы теледидарлар мен газеттердің табалдырығына барып жайғасты. «Бұдан былай көптеген қателік пен артықшылықтарды, оның ішінде «бақытты жаһандану» идеясын қайта қарау керек»  деп санайды сарапшы.

Шын мәнінде, «бақытты» жаһанданудың әсері жұмысшы және орта таптың «көңілін қалдырып» екі ортадан қара суға да зар болып отырған өте кедей адамдардың тобын қалыпастырды. Бұл процесс қоғамдық формациядағы тепе-теңдіктің сақталмауын ғарыштық жылдамдықпен тездетіп жіберіпті. «Қадым заманнан бері қоғамның көшін сүйрейтін орта тап жойылудың сәл ғана алдында тұр. Оның орнын өте кедей адамдар тобы алмастырды» дейді Хуберт Ведрин.

Сонымен, «2019 жылы  4 миллиард әуе жолаушысы болды, ал 2035 жылға қарай (пандемиясыз) олар 8 миллиардқа айналуы керек» деген дерек жаһанданудың қолайына жағатынын бәріміз білеміз.

Хуберт Ведрин айтып өткеніндей, Батыс пен Еуропада шекараны қабылдамау жаһанданудың басты дініне немесе ұранына айналды. Адамдарда  кіндік қаны тамған жеріне деген жеркеніш немесе менсінбеушілік сезімі пайда болып, өзі көріп-білмеген елдерге деген махабатты кемерінен асып-төгіліп кетті. Мұның соңы бір жыныстағы адамдардың бір-біріне деген махабатын оятып, табиғи тепе-теңдіккті бұзып жіберіпті.    Қазір саясаттанушылар Таяу  Шығыс елдеріндегі қақтығысқа, Сириядағы соғысқа осы факторлар себеп болғанын айтып жатыр. Бұндай көзқарастың дамуына Еуропа мен Батыс себеп болды. Енді Ведриннің айтуынша, енді олар прагматикалық тәсілге оралып, «туған жер немесе қара шаңырақ» деген ұғымды қайта дәріптеу керек. «Қазір болып жатқан жағдайлар әлемге көптеген сабақ беріп, көптеген өзгерістер енгізеді» дейді Х. Ведрин.

Ол сондай-ақ дағдарысты жеңгеннен кейін «инерцияның қуатты экономикалық, коммерциялық және әлеуметтік күштері» қалыпты жағдайға оралуды ететінін қаперге салып өтті.  « Бірақ осыған дейін басымдық беріп келген көзқарастың қайта оянып кетуіне шектеу шараларын енгізбесе, біз қазіргі жағдайға қайта ораламыз. Мемлекеттер  арасындағы халықаралық ынтымақтастық жүйесін құру керек - бұл «жаһандық басқаруды» шектеп,  кез –келген қауіп-қатердің алдын алуға көмектеседі» дейді Х. Ведрин.

«Бүгінгі дағдарыстың сабағы, басқалармен қатар, «шексіз қозғалысты» көздейтін жалпыға бірдей өмір салтын қайта қарау  керек» дегенді сарапшылар өткен аптада жиірек айта басады.  Ведрин атап өткендей,  туристік ағымның азаюы көптеген елдерде, соның ішінде Францияда қаржылық шығындарға әкеп соқтырса да, жаппай туризм салдарынан болатын жойқын жағдайлар туралы біліп алған жөн.  «Еуропаға келер болсақ, бәлкім, бұл бұрын-соңды болмаған. Қызылды –жасылды жарнамалармен адамзаттың назарын өзіне аударып алған батыс енді сол ықыластан құтылуға асық: Адамдардың туған жерін жұмаққа балап, өмір сүруі  экономика мен егемендік арасындағы жақсы үйлесімге қол жеткізуге көмектеседі» деп ойын түйіндепті  Х. Ведрин.

 

АЛМАТЫ