Аймақтар • 25 Наурыз, 2020

Солтүстік Қазақстанның тәртіп сақшылары тағы да алғыс алды

270 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Басқа жерде қалай екенін кім білсін, әйтеуір Солтүстік Қазақстанның қала мен ауылдан тыс тас жолдардың тәртібін бақылайтын патрульдік полициясы үнемі алғысқа бөленуде. Міне, Наурыз күні де олар тағы бір адамдарды жол азабынан құтқарып, алғыс алды.

Солтүстік Қазақстанның тәртіп сақшылары тағы да алғыс алды

Петропавлдан Ақжар ауданына бет алған ескі «ВАЗ-2104» автокөлігінің алдыңғы әйнегін қарсы ұшырасқан жүк көлігінен ұшқан қатты мұз быт-шытын шығарыпты. Жеңіл машинада бес адам болған. Әйтеуір ешқайсы жарақат алмаған, тек сынған терезеден уілдей соққан ызғарлы жел бүрсеңдетіп жіберген. Тіпті, жолаушылардың ішіндегі қарт адамдардың суықтан қиналуынан көліктің қозғалуға мүмкіндігі болмай, жолдағы Аққайың ауданының аумағында тұрып қалады. Осы кезде оларға ішінде аға лейтенанттар Жігер Балтабай мен Евгений Вишневский бар патрульдік полиция батальонының экипажы келіп тоқтайды. Мән-жайды білген соң полицейлер қарияларды өз мәшинелеріне отырғызып, алдағы Келлеровка селосына дейін қозғалады. Ал «Жигулиде» бүрсең қаққан екі жігіт олардың артынан рөлге кезектесіп отырып, ақырын жүріп отырады.

Полицейлер Келлеровкадағы қосалқы бөлшек сататын дүкендегі таныстарына да хабарласып, «Ваз-2104»-тің алдыңғы әйнегін де таптырып қояды. Сөйтіп, «Жигули» арттарынан жеткенде әлеңкедей жалаңдаған шебер жігіттер оның әйнегін де ауыстырып беріп, айналасы бір жарым сағаттың ішінде жолаушылар өздерінің сапарларын жалғастырған. Олардың арасындағы бірі Күләш Балтабекова деген апай Whatsapp арқылы облыстық полиция ведомствосының баспасөз қызметіне: «Бізге көмекке келген Балтабай Жігер мен Евгений Вишневскийге алғыс жариялап, марапаттауларыңызды сұраймыз» деген мазмұндағы ризашылығын да айтып кеткен. Жақсылыққа жақсылық болғанға не жетсін, науан Наурыздағы алғыс жігіттерді жаңа көмектерге жігерлендіре түсті.

 

Солтүстік Қазақстан облысы