Арнайы база тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында құрылған. Алдағы күндерде мәселе тіптен ушыққан жағдайда барлық мәліметтер мен деректер осы құрылым арқылы жеткізілмек. Мұндай орталықтарды негізінен мектептерде орналастыруға басымдықтар берілген. Олардың мекен-жайын әлеуметтік желілер арқылы хабарландыру көзделген. Жергілікті мемлекеттік органдар өкілдері аталған секторлар аясында іс-қимыл таныта бастады.
Бүгінде облыс орталығында және тұтастай аймақ аумағнда сақтандыру шаралары оң нәтижелер беру үшін қалаға таяу және алыс шетелдерден ұшақ және теміржол қатынастары арқылы келген жолаушыларды тест тәсілі бойынша қатаң бақылау мен тексеру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта медицина мамандары мен өзге де өкілетті орган өкілдері уақытпен санаспай жұмыс істеуде. Әрине, бұған қарап өңірде коронавирустан сақтануға қатысты барлық мәселелер түбегейлі шешімін тапты деу ертерек секілді. Атап айтқанда дәл қазіргі күні өңірде медициналық бет-перденің жетіспеу көіріністері бар екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Ендеше, таяу күндерде өңірдегі кәсіпорындар мен шағын тігін цехтары өз қызметін одан әрі ширата түсулері қажет-ақ. Сондай-ақ тұрғындардың айтуынша қала дәріханаларында дененің қызуын түсіретін "Парацетамол" препараты таптыра бермейді. Өз кезегінде фармация мамандары бұл олқылықтың орнын толтыру шараларын белгілегендері жөн.
Сонымен бірге орталық базар мен теміржол вокзалы маңында тиісті санитарлық нормалардың сақтала бермейтіні де айтылып қалып жүр. Мұндай көріністердің орын алып жүргені де шындық. Сондай-ақ бірқатар қоғамдық көлік тазартылмай, жуылмай лас күйінде жүргізіліп келгені де қала тұрғындарының орынды өкпе-реніштерін туғызған-ды. Бұған байланысты Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров өз тұжырымын төмендегіше жеткізді.
- Автобустар мен аялдамаларда күніне екі рет дезинфекция жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Соған сәйкес 347 автобус пен 280 аялдамаға залалсыздандыру шаралары жасалды. Қала бюджетінен бұл мақсатқа 42 миллион теңге бөлінді. Алдағы кезде қажеттілікке қарай тағы да қосымша қаражат көздері қарастырылмақ.
Әрине, бұл айтылғандарға қарап Ақтөбеде күрделі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал орныққан екен деп қабылдасақ шындыққа кіреуке түсіріп аламыз. Мұндағы жағдай негізінен қалыпты деуге әбден болады. Ақтөбе еліміздің батыс өңіріндегі ірі жол-көлік логистикасы орталығы бола тұрса да, бір де бір жолдың жабылмағаны алдыңғы пікіріміздің айқын айғағы. Жаман айтпай, жақсы жоқ дегендей қазіргі кезде кез келген қиын, күрделі жағдайға әрі оның ушығу көрінісіне сақадай сай әзір боулымыз керектігін уақыттың өзі алға тартуда. Агломерация орталығының 23 секторға бөлініп, мұндай арнайы база құрылғанының басты сырын осы тұрғыдан түсіну парыз, - деді Ақтөбе қаласының әкімі.
АҚТӨБЕ