Спорт • 26 Наурыз, 2020

БАҚ: Фьюри мен Уайлдер арасындағы реванш жекпе-жегі 3 қазанда өтеді

179 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кәсіпқой бокста ауыр салмақта өнер көрсететін британиялық Тайсон Фьюри мен америкалық Деонтей Уайлдер арасындағы үшінші жекпе-жек 3 қазанда АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтеді деп жазады The Athletic басылымының журналисі Майк Коппинджер өзінің Twitter парақшасында.

БАҚ: Фьюри мен Уайлдер арасындағы реванш жекпе-жегі 3 қазанда өтеді

Екі боксшы арасындағы алғашқы кездесу 2018 жылдың желтоқсан айында Лос-Анжелесте өтіп, алыптар айқасы тең аяқталған-ды. Екінші жекпе-жек осы жылдың 22 ақпанында Лас-Вегаста ұйымдастырылды. Бұл айқаста бағы мен бабы келіскен британиялық боксшы Тайсон Фьюри қарсыласынан басым түсті. Кездесудің 8-раундында Фьюри Уайлдерді техникалық нокаутпен жеңіп, WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанған-ды. Америкалық бұл белдігін 10 жекпе-жектен бері ешкімге бермей, сәтті қорғап келе жатқан болатын.

Майк Коппинджердің жазуынша, үшінші жекпе-жекте Уайлдердің гонорары 40 пайыз, Фьюридікі 60 пайызды құрайды. Айта кетейік, бұған дейін екі боксшы арасындағы реванш айқасы 18 маусымда өтеді деп хабарланған-ды. Бірақ коронавирус пандемиясына байланысты жекпе-жек қазан айына ауыстырылды.