Аймақтар • 26 Наурыз, 2020

Түркістан: Коронавирус жұқтырған азаматпен бірге келген 56 адамның дерегі анықталды

857 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сақтық мақсатында Түркістан облысының шекаралық жерлеріне 35 блок-пост қойылған. Уақытша тосқауыл –бекеттердің 31-і елді мекендерде, ал 4-уі теміржол вокзалы мен станцияларда орналасқан. Республикалық маңызы бар жолдарда екі блок - пост, яғни Жамбыл облысынан Түлкібас ауданына кіреберісте және Қызылорда облысынан-Кентау аумағына қарасты жерде жұмыс істеуде.

Түркістан: Коронавирус жұқтырған азаматпен бірге келген 56 адамның дерегі анықталды

Аталған блок-бекеттердің  жүйелі жұмысының арқасында Нұр-Сұлтан-Шымкент бағытындағы автобуста коронавирус жұқтырған азаматпен бірге келген 56 адамның нақты дерегі анықталып отыр. Нұр-Сұлтан қаласынан Шымкентке келген 24 жасар азаматтан инфекция анықталған болатын. Көліктегі жолаушылар туралы толық ақпаратты Түлкібас ауданындағы Шақпақ бекетінің қызметкерлері 20 наурыз күні жазып алған. Жолаушылар бүгінде оқшауланған. Блок-посттарға полицейлер сағат сайын бақылау жасап, облыс аумағына келген азаматтарды қадағалауда.

«Облыс көлемінде ашылған блок - посттарға 200-ге жуық полиция қызметкерлері жұмылдырылған. Облыс сақшыларымен бірге медицина мамандары, көлік инспекциясының қызметкерлері жолдан өтетін әрбір көлікті жіті тексеруде. Сонымен қатар көлік ішіндегі жүргізушілер мен жолаушылардың дене қызулары арнайы құрылғымен тексерілуде. Егер дене қызу анықталмаса облыс аумағына өткізіледі, ал дене қызу анықталатын болса онда міндетті түрде ол адам оқшауланып, медицина мамандарымен тексеруге жөнелтіледі. Бүгінгі күнге дейін облысқа өтіп кеткен дене қызуы бар адам анықталған жоқ», дейді Полиция департаментіне қарасты Жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Ұлықбек Мылтықов.

Қазіргі таңда блок-посттардағы полиция мен медицина қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеуде.