Спорт • 26 Наурыз, 2020

Токио Олимпиадасының өткізілу мерзімі бір айдан кейін анықталады

134 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Халықаралық Олимпиада комитеті мен Токио-2020 ұйымдастыру комитеті әлемде коронавирус індетінің таралуына байланысты жазғы Олимпия ойындарын 2021 жылға ауыстырғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

Токио Олимпиадасының өткізілу мерзімі бір айдан кейін анықталады

Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің хабарлауынша, ХОК президенті Томас Бах Олимпиаданың нақты қай айда және қай күндері өтетіні талқыланып жатқанын мәлімдеген.

«Біз Жапония премьер-министрі Синдзи Абэ мырзамен ойынның нақты өткізілу уақыты туралы әлі сөйлескен жоқпыз. Олимпия ойындары әлемдегі ең көлемді әрі қиын іс-шаралардың бірі. Сондықтан, телефон арқылы мұндай мәселелерді шешу мүмкін емес. Бұл мәселемен ұйымдастыру комитеті және ХОК-тің үйлестіру комитеті айналысады. 2021 жылғы жоспарланған спорттық жарыстар бар. Сол үшін бұл сұрақты шешуге бір ай уақыт керек. Токио Олимпиадасында 206 ұлттық олимпиадалық комитеттер атынан 11 мың спортшы бақ сынайды. Сондай-ақ босқындар командасы барын да ұмытпаңыздар. ХОК-тің үйлестіруші комитеті барлық федерациялармен бір шешімге келіп, нақты датаны анықтайды», деді Томас Бах.

Айта кетелік, Олимпия ойындары тарихта алғаш рет бір жыл кейінге шегерілді.