Аймақтар • 26 Наурыз, 2020

Қостанай облысында 12 адам госпитальге түсті

1316 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тобыл қаласының провизорлық госпиталіне бүгін түскен 12 адамның барлығы да Қостанай облысының тұрғындары. Оның бесеуі Алматы қаласына Египеттен ұшып келген. Оңтүстік астанада олардан қан алынып, талдау қорытындысы теріс нәтиже көрсеткен. Бұдан әрі бес азамат Отардан пойызға мініп, Қостанай облысына жолға шығады.

Қостанай облысында 12 адам госпитальге түсті

Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметінше, жолаушылар коронавирус расталған Қазақстан азаматымен байланыста болған. Сондықтан бесеуін және олармен бірге пойызға мінген басқа жолаушыларды пойыз жолсеріктерімен қосып госпитальға жатқызу туралы шешім қабылданған.

Пойыздағы 4 адам жолай Аманқарағай бекетінен түсіп қалады. Оларды таныстары көлікпен күтіп алып, Қостанай қаласына қарай бет түзейді. Көлікті полиция мен эпидемиолог мамандар облыс орталығына жетпей тоқтатып, жедел ауруханаға алып барған.

Қалған 8 жолаушыны тиісті сала мамандары Бейімбет Майлин ауданына қарасты Тобыл бекетінде тоқтатып, полицияның көмегімен жедел жәрдем көлігіне мінгізіп, Тобыл қаласының провизорлық госпиталіне жеткізеді. Департаменттің баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша, жолаушылардың барлығынан қан алынып, талдауға жіберілген. 

 

Қостанай облысы