Аймақтар • 27 Наурыз, 2020

Әулиеаталық әскерилер қоғамдық орындарды дезинфекциялауда

199 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Коронавирус індетінің алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері қолбасшылықтың жауапкершілік аймағына кіретін Тараз қаласындағы қоғамдық орындарды дезинфекциялауға кірісті. Тараз гарнизонының 250-ден астам әскери қызметшісі күн сайын санитарлық жұмыстарын жүргізуде. Бұған дейін әскери қызметшілер санитарлық өңдеуден өтуге тиісті нысандардың тізімін әзірлеген болатын. Олардың қатарында «Mart» және «Small» сауда орталықтары, «Ауыл Береке», «Қайқармет» базарлары, теміржол бекеті, әуежай, автобекет және қаланың басқа да адам көп жиналатын орындары бар.

Әулиеаталық әскерилер қоғамдық орындарды дезинфекциялауда

Дезинфекциялау бүрку және суару әдістерімен жүргізіледі. Ол үшін «Рубеж» хлор ерітіндісі пайдаланылуда. Аталған ерітінді вирусқа тосқауыл қоюға және оны белгіленген шептен әрі асырмауға бағытталған. «Рубеж» ерітіндісін себу нормасы әр шаршы метрге 1,5-2 литрді құрайды. Канистрді үнемі толықтырып отыру үшін әр өңдеу учаскесіне арнайы «АРС-14» автоматтандырылған құю стансасы бөлінген. Ол күн сайын таңертең керекті мөлшерде дезинфекциялық ерітіндімен қамтылып отырады.

Қаладағы нысандарды санитарлық өңдеу бойынша әскери жұмыстарға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлерінің бастығы, майор Мұхтар Сатаев басшылық жасауда. Ол дезинфекциялық жұмыстарды жүргізуге тартылған әскери қызметшілердің жауынгерлік белсенділігінің жоғары екенін атап өтті. Сонымен қатар, әскерилер қаланы санитарлық өңдеу бойынша берілген тапсырмалардың жауапкершілігін сезінетінін, вирустың таралуын болдырмау үшін күн сайын кезекшілікке дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар, 85395 әскери бөлімінің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау взводының командирі, лейтенант Нұрсұлтан Тәліпбаев та әрбір азаматтың қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек ететінін жеткізді.

 

Жамбыл облысы