Экономика • 27 Наурыз, 2020

Cары құбыр Созаққа жетеді

196 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістан облысындағы шалғай аудан саналатын Созақта өткен жылы магистральды газ құбырының құрылысы басталған болатын. Биылға құрылыс жұмыстарына 2,6 млрд теңге қаралған. Бүгінде магистральды газ құбыры мен автоматты газ тарату стансасының құрылысы өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Сондай-ақ Шолаққорған аулының ішкі газ жүйелерін бастау үшін облыстық бюджеттен 100 млн теңге қаржы бөлінетін болады.

Cары құбыр Созаққа жетеді

Шолаққорған ауылынан салынып жатқан, жобалық құны 50 млн АҚШ доллары болатын күн электр стансасының құрылысы алдағы айда аяқталмақ. «ЮКСЭС-50» ЖШС құрылыс кезінде 200-ге жуық адамды уақытша жұмысқа тартқан болатын. Ал күн электр стансасы іске қосылғанда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жалпы ауданда өткен жылы құрылыс саласы да қарқын алып, жергілікті бюджет қаржысы есебінен 100 орындық мектеп пен Асқар Сүлейменов атындағы жалпы орта мектепке 300 орындық қосымша ғимарат пайдалануға берілді. Алдағы уақытта Сұлтанбек Қожанов атындағы тарихи-аймақтық мұражай ғимаратының және Шолаққорған ауылындағы Ту тұғыры нысандарының құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. «Өткен жылы құны 951,6 млн теңге болатын 5 жоба жүзеге асырылды. 60 мыңнан астам халық тұратын өркендеген теріскей өңір өрісті өлкеге айналып келеді. Инвестиция тарту еліміздегі аса маңызды сала десек, аудан экономикасына 2019 жылы 51 млрд 262 млн теңге инвестиция тарты­лып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 125,4 пайызға арты­ғымен орындалды. Жыл қорытындысымен жергілікті бюд­жетке 6 млрд 478 млн 7 мың теңге қаржы түсті. Аудан бойынша 313 млрд 381 млн теңгенің жалпы өңірлік өнімі өндіріліп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 127,8 % немесе 68 млрд 197 млн теңгеге артып отыр. Ауылшаруашылық саласында жалпы өнім көлемі 13 млрд 58 млн теңгені құрады. Мемлекеттік «Алтын асық», «Құлан», «Сыбаға» бағдарламасы толықтай орын­далды. Ірі қара мал саны да артқан. Аудан көле­мінде өткен жылы 426 жаңа кәсіпкерлік субъектісі ашы­­лып, жалпы саны 3 331-ге жетті. Аталған салада 16 млрд 470 млн теңгенің өнімі өндіріліп, алдыңғы жылмен салыс­тырғанда 109,5% өскен. Жобаларды қаржыландыру бойынша 93 жобаға 338,8 млн теңге несие берілді», деді аудан әкімі Салыхан Полатов тұрғындарға есеп беру кездесуінде.

Сондай-ақ биыл ауданда «Ауыл – ел бесігі» бағдарла­масына 326 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Бұл қаржыға Т.Әлім­құлов атындағы №14 интернат-лицейіне күрделі жөн­деу жұмыстарын жүргізу, жалпы ұзындығы 2,5 шақы­рым жолға асфальт төсеу жоспарлануда. Ал Шолаққорған ауыл­дық округінің Теріскей шағын ауданын тәулік бойы сумен қамту мақсатында облыстық бюджеттен 234,6 млн теңге қаржы қаралып, ауызсумен жабдықтау жұмыстары бастал­ған. Ақсүмбе елді мекеніндегі 100 орындық Сұлтан­бек Қожанов атындағы мектептің жаңа ғимараты, Шолақ­қор­ған елді мекенінде 300 орындық Ә.Молдағұлова атын­дағы жалпы орта мектебінің қосымшажай құрылыс жұмыс­тары да биыл аяқталады. Нәтижесінде аудандағы мектептер толығымен типтік үлгідегі ғимараттарға көшірілетін бола­ды. Сондай-ақ Ақсүмбе, Балдысу, Саржаз елді мекендері­нен жеке­меншік балабақшалар ашылады. Созақ, Қаратау елді ме­кен­деріндегі ауылдық клубтарға ағымдағы жөндеу жұмы­старын жүргізу, Аққолтық, Қарақұр, Тасты елді мекендеріне 75 орындық ауылдық клуб салу үшін жоба құжаттары әзірленген.

 

Түркістан облысы