Арнайы база тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында құрылған. Алдағы күндерде мәселе ушыққан жағдайда барлық мәліметтер мен деректер осы құрылым арқылы жеткізілмек. Мұндай орталықтарды негізінен мектепте орналастыруға басымдық берілген. Олардың мекенжайын әлеуметтік желілер арқылы хабарландыру көзделген. Жергілікті мемлекеттік органдар өкілдері аталған секторлар аясында іс-қимыл таныта бастады.
Бүгінде облыс орталығында сақтандыру шаралары үшін қалаға таяу және алыс шетелдерден ұшақ және теміржол қатынастары арқылы келген жолаушыларды тестілеу тәсілі бойынша қатаң бақылау мен тексеру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта медицина мамандары мен өзге де өкілетті орган өкілдері уақытпен санаспай жұмыс істеуде. Әрине өңірде коронавирустан сақтануға қатысты барлық мәселе түбегейлі шешімін тапты деуге ертерек. Атап айтқанда, қазір медициналық бет-перде жетіспейді. Өңірдегі кәсіпорындар мен шағын тігін цехтары өз қызметін одан әрі ширата түсуі қажет-ақ. Сондай-ақ тұрғындардың айтуынша, қала дәріханаларында дененің қызуын түсіретін «Парацетамол» препараты табыла бермейді.
Сонымен бірге орталық базар мен теміржол вокзалы маңында тиісті санитарлық нормалар сақталмайтыны айтылады. Бірқатар қоғамдық көліктің зарарсыздандырылмағаны да қала тұрғындарының орынды өкпе-ренішін туғызған-ды.
– Автобустар мен аялдамаларда күніне екі рет дезинфекция жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Соған сәйкес 347 автобус пен 280 аялдамаға залалсыздандыру шаралары жасалды. Қала бюджетінен бұл мақсатқа
42 миллион теңге бөлінді. Алдағы кезде қажеттілікке қарай тағы да қосымша қаражат көздері қарастырылмақ, – дейді бұл ретте қала әкімі.
АҚТӨБЕ