Коронавирус • 27 Наурыз, 2020

Әлемдегі ахуалға шолу: Ұлыбритания премьер-министрі вирус жұқтырды

784 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұл топтамада әлемнің 176 елінде тараған Covid-19 вирусына қатысты соңғы жаңалықтарды жариялап отырамыз.

27 наурызда Johns Hopkins University (JHU) ұсынған мәлімет бойынша вирус жұқтырғандар саны - 542,788, өлім саны - 24,361, айыққандар саны - 124,351 адам болды (жаңартылған уақыты 17:05).

17:32

Ұлыбритания премьер-министрі коронавирус жұқтырды

Премьер-министр кеңсесі Борис Джонсонның вирус жұқтырғанын мәлімдеді.

Хабарламада індет белгілері жеңіл екені айтылған, сондай-ақ ол Даунинг-стритте оқшауланады. 

Ол Англияның бас дәрігері, профессор Крис Уиттидің жеке кеңесі бойынша коронавирусқа тест тапсырған.

Борис Джонсон әлі де Үкіметтің дағдарысқа қарсы әрекетін жүргізетін болады.

Елде барлығы 11,816 адам вирус жұқтырған және 580 науқас індеттен көз жұмды.

Twitter парақшасында жариялаған хабарламасында Борис Джонсон халықты үйде отыруға шақырып, «бірге жеңіске жететінімізге сенімдімін» деп жазды.

 

я


17:05

Иранда өлім саны азаймай тұр

Елдің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Иранда ауырғандар саны 32 332 адамға дейін өсті, ал қайтыс болғандар саны 2378-ге жетті.

Соңғы бес күн ішінде қаза болғандар саны өсіп келеді.

26 наурыз - 157 адам

•  25 наурыз - 143 адам

•  24 наурыз - 122 адам

•  23 наурыз -127 адам

•  22 наурыз -129 адам

s


16:19

Қырғызстанда вирус жұқтырған 14 науқас анықталды, барлығы 58 жағдай

Бұл туралы бүгін брифингте елдің Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айнур Ақматова хабарлады.

Оның айтуынша, оның ішінде 7 жағдай Жалал-Абад облысы Созақ ауданында және 7 жағдай Ош облысында тіркелген.

Індет жұқтырған бес азамат шағын қажылықтан оралған және 9-ы олармен байланыста болған.

Қырғызстанда барлығы COVID-19 диагнозы расталған 58 адам тіркелген. 

Жалал-Абад облысында 27 адам, Ош облысында 26 адам, Бішкек қаласында 4 адам, Баткен облысында 1 адам бар.


15:28

Вирус Африка құрлығында таралуда

Covid-19 Африка құрлығында кеңінен таралып жатыр. Қазіргі уақытта 3243 адам індет жұқтырған және 83 өлім тіркелді.

Вирус жұқтырғандар саны аз болғанымен, сарапшылар анықталмаған науқастар бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтып отыр. Себебі, Африка елдерінде жасалып жатқан тест саны аз екен.

ДДСҰ мен сала мамандары медицинасы орташа деңгейдегі елдерде жағдай ушығуы мүмкін екенін ескертіп келеді.  

Оңтүстік Африкада COVID-19 вирусынан алғашқы қаза болғандар белгілі болды. Бұл екі дерек Батыс Кейпте тіркелген. 

в


13:37

Үндістан 21 күндік карантин жариялады

Жақында қатаң шаралар енгізген елдердің қатарына Үндістан да қосылды. Сейсенбі күні елдің премьер-министрі 21 күндік карантин жариялады. Елде вирус жұқтырғандар санының аздығына қарамастан, мамандар арнайы шара қабылданбаған жағдайда әлемдегі халық саны көп елдердің бірі Үндістанды үлкен қатер күтіп тұрғанын ескертті. Қазір елде 657 жағдай тіркелген, десе де көршілес Пәкістанда вирус жұқтырғандар саны мыңнан асқан.  


12:02

Өзбекстанда вирустан алғашқы науқас көз жұмды

26 наурызда Наманганның 72 жастағы тұрғыны коронавирусты инфекциямен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.

Ол 12 наурыз күні Түркиядан оралып, вирус жұқтырғаны белгілі болған қызымен байланыста болған.

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, науқас көп жылдар бойы диабеттен, созылмалы жүрек дертінен және басқа да аурулардан емделіп келген.

Ол 27 наурыз күні таңертең сағат 4:30-да миокард инфарктінен  қайтыс болды делінген хабарламада.

Елде вирус жұқтырғандар саны 83-ке жетті.

Сондай-ақ коронавирус жұқтырған 15 өзбекстандықтан пневмония анықталған, 7-і ауыр жағдайда. Бұл туралы мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау инспекциясының бастығы Нұрмат Отабеков мәлімдеді.


09:49

АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар саны Қытайдан асып кетті

Johns Hopkins University (JHU) ұсынған ақпаратқа сәйкес, АҚШ коронавирус жұқтырған тұрғындар саны бойынша әлемдегі бірінші елге айналды. Қазір елде 85,653 жағдай тіркелді. Бұл Қытайда анықталған науқастардан 4 мыңға көп.

Әлемде коронавирус пандемия­сына қарсы күресте әрекет етуге кешіккен елдер қатарында АҚШ та болды.

Елдегі өлім саны 1,290-ға жетті, бұл - Италия (8,215) мен Қытайдан (8,215) кейінгі үшінші көрсеткіш.

Вице-президент Майк Пенс қазіргі уақытта коронавирусқа арналған тесттер барлық 50 штатта қол жетімді екенін және бүкіл ел бойынша 552 000-нан астам тест жүргізілгенін мәлімдеді.

Президент Трамп анықталған жағдай елде жаппай жүргізіліп жатқан тестілеудің арқасы деп отыр. 

Дональд Трамптың дағдарысты игеруде кеш қалғанын айтып, оны сынап жатқандар да көп.

Вирустың ең көп тараған аймақтары елде адам тығыз орналасқан Нью-Йорк, Нью Орлеан секілді қалалар болып отыр.

Кеше ғана Қытай мен Италиядан кейін вирус көп тараған үшінші ел болған АҚШ, бүгін таңертең коронавирустың жаңа эпицентріне айналды. 


09:22

Әлемдегі қазіргі жағдай

п


26 наурыз қысқаша:

• Үндістан 21 күндік карантин жариялады

• Италия мен Испанияда індеттен қаза болғандар саны Қытайдан асып кетті

• Мәскеуде қоғамдық орындар жабылады

• Иранда бір тәулікте 157 адам көз жұмды

• Италияда індетті жеңген жасы ең үлкен науқас 95-те