Қазақстан • 27 Наурыз, 2020

Бүгін - Халықаралық театр күні

391 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін - Халықаралық театр күні, «Астана Опера» Дж.Пуччинидің әйгілі «Турандот» операсын TENGRINEWS TV-ден көрсетпек, сонымен қатар жақын арада #Bizbirgemiz жобасы аясында Мәдениет және спорт министрлігімен ұйымдастырылған YouTube платформасында «Астана Опера» әртістерінің өнер көрсетуі жоспарланған. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін - Халықаралық театр күні

Жаппай карантин әлемнің түгел дерлік сахналық алаңдарының жоспарын өзгертті, алайда, бұл адамдардың өнерге деген қызығушылығы тоқтады дегенді білдірмейді. Статистика көрсеткендей, интернет арқылы опера және балет классикасын тамашалау саны ондаған есеге артқан.

Сахналарында Қазақстан елордасының труппасы өнерін паш еткен «Астана Операның» тұрақты серіктестері мен достары да бүгінгі таңда карантиндік шараларды ұстануда. Көпшілігі барлық спектакльдерін, концерттерін өткізбеу не болмаса кейінге қалдыру туралы шешім қабылдап, көрермендер үшін онлайн көрсетілімдер ұйымдастырды.

Осылайша, Карло Феличе театры 21 наурыз күні өзінің streamingcarlofelice.com сайтында «Астана Опера» балет труппасының 2019 жылғы 11 қаңтарда гастрольдік бағдарлама аясында итальяндық сахнада ұсынған «Аққу көлі» балеттік спектаклін көрсетті.

Биыл елордалық ұжым өзінің жетінші кәсіби мерекесін атап өтеді. Театрлық өлшем бойынша әзірге жас шағына қарамастан, осы жылдар ішінде қаншама дүние жасалынды. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен көптеген гастрольдер, соның ішінде әлемдік турне, әртістердің халықаралық байқаулардағы жеңісі, әйгілі майталмандармен спектакльдердің қойылымдары – осының бәрі халықаралық аренада «Астана Опера» брендін танымал әрі беделді етті.

«Астана Операның» үздік спектакльдеріне Карнеги-холл, Париж операсы, Meridian Hall Stadsschouwburg, De Doelen, Карло Феличе театры, Рим опера театры, Валенсиядағы София патшайымның өнер сарайы, Маскаттағы Корольдік опера театры, Мариин театры, «Санктъ-Петербургъ Опера» театры, Д.А.Хворостовский атындағы Красноярск мемлекеттік опера және балет театры, Мемлекеттік Кремль сарайы, Ә.Науаи атындағы МАҮТ және басқа да театрлардың өнерсүйер қауымы лайықты бағасын берді.

Бүгінде «Астана Операның» репертуары көрнекті ұлттық композиторлардың шығармаларын – М.Төлебаевтың «Біржан – Сара», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операларын, Ғ.Жұбанованың «Қарагөз» балетін қамтиды. Ал әлемдік классика 30-ға жуық атақты спектакльдермен ұсынылған.

Репертуардың қалыптасуына өнер әлеміндегі айтулы тұлғалар – бас дирижер – Алан Бөрібаев пен балет труппасының көркемдік жетекшісі – Алтынай Асылмұратова зор үлесін қосып келеді.

«Астана Операның» барша шығармашылық ұжымының зор мақтанышы – алғаш рет А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай» операсы үшін табыс етілген Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығы болды (2018). Бір жылдан кейін театр қызметі «Жылдың үздік концерттік/театрлық алаңы» аталымында BraVo халықаралық кәсіби музыка сыйлығымен атап өтілді.

«Астана Опера» спектакльдері  Франко Дзеффирелли, Юрий Григорович, Борис Эйфман, Алтынай Асылмұратова, Андрис Лиепа, Алан Бөрібаев, Джанкарло дель Монако, Пьер Луиджи Пицци, Лоренцо Амато, Лука Ронкони, Давиде Ливермор, Раймондо Ребек  сынды атақты шетелдік және отандық мәдениет қайраткерлерінің қойылымында; көрнекті  сценограф Эцио Фриджерио  мен  костюмдер бойынша суретші  – «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино, сондай-ақ дарынды қазақстандық суретшілер Софья Тасмағамбетова, Павел Драгунов, Арасель Досмұратованың қатысуымен өтеді.

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында тұрғындардың барлық әлеуметтік топтарының, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың келуіне жағдай жасалған. Олар үшін театрда «кедергісіз орта» аймағы бар: кең ашылатын есіктер, қауіпсіз пандустар, арнайы лифт және спекакльдер мен концерттерді тамашалауы барынша қауіпсіз әрі жайлы болуы үшін басқа да қажетті атрибуттар қарастырылған.

Бүгінгі таңда театрдағы тіршілік тоқтаған жоқ: ғимарат мұқият тазартылып, зарарсыздандыру жұмыстары жалғасуда, осылайша, театр ұжымы классикалық өнер табынушыларымен кездесуді асыға күтуде.