Аймақтар • 27 Наурыз, 2020

Жалған ақпарат жарға жығады

388 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан полицейлері жалған ақпараттың таралуын болдырмау жұмыстарын күшейте түсті. Тек өткен тәулік ішінде өңірде елдегі эпидемиологиялық ахуалға қатысты жалған ақпарат таратудың екі фактісі анықталды.

Жалған ақпарат жарға жығады

Соның ішінде Тайынша ауданындағы 39 жастағы аузы жеңіл бір әйел тағы бір солтүстікқазақстандықтың диагнозы расталғанын айтып, хабарламаны «WhatsApp» мессенджері арқылы құрамында 10-нан астам адамы бар «Достар» тобына жіберген. Топтағылар бұл жалған ақпаратты ары қарай өздерінің чаттары бойынша таратып жіберген. Жалған хабарлама бір күн ішінде жүздеген аудан тұрғынына жетіп, жергілікті тұрғындар арасында үрей тудырды. Іске жедел кіріскен полиция уәкілдері таратушыны жедел анықтады. Қазір жалған ақпарат тарату фактісі бойынша ҚК 274-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Әйел жерлестерінен кешірім сұраған.

Тағы бір арандатушы Петропавлда коронавируспен ауырған екі адам туралы және алдағы уақытта облыс орталығының карантинге жабылатыны жөнінде отбасылық чатқа хабарлама жіберген. «Төнген қауіпті» топ қатысушылары таныстарына жіберіп, таратып жіберген. Сондай-ақ, Мамлют ауданында полицейлер жергілікті пабликтерге мониторинг жүргізу кезінде аудан орталығында анықталған індет туралы жалған комментарий орналастырған адамды анықтады.

Осы адамдарға қарсы қазір тиісті шаралар қабылдануда. Қылмыстық кодекстің 274-бабында жалған ақпарат таратқаны үшін бас бостандығынан айыруға дейін жауапкершілік айтылған. Егер бұл Төтенше жағдай кезінде орын алса, онда үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолданылады.

«Халық арасында дүрбелең туғызатын жалған ақпараттың таралуын анықтау және жолын кесу мақсатында мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Осындай фактілер әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге мониторинг жүргізу барысында анықталды», - дейді СҚО ПД басқармасының бастығы Руслан Мұхамбетжанов.

Солтүстік Қазақстан облысы