Қазақстан • 27 Наурыз, 2020

Түркістан: Кеден бекетінен 1777 азамат Өзбекстан Республикасына өткізілді

1149 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда жұмыс істеп, отбасын асырап жүрген Өзбекстан азаматтары жаппай еліне орала бастады. Оларды өзбек елі медициналық тексеруден өткізіп, бірінші кезекте әйелдер мен балаларды және қарттарды, жалпы 50 адамнан өткізе бастаған-ды. Сол себептен де «Жібек жолы» кеден бекетінде кезегін күткен азаматтар жиналып қалған. Бұл орайда «Жібек жолы» кеден бекетінің алдында шетел азаматтарына барлық жағдай жасалып, арнайы құрылған палаталық лагерьге орналастырылды. Еріктілер мен жергілікті тұрғындар ыстық тамақ ұйымдастырып, сусынмен қамтамасыз етті. 

Түркістан: Кеден бекетінен 1777 азамат Өзбекстан Республикасына өткізілді

Барлық қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етіліп, 1777 азамат Өзбекстан Республикасына өткізілді. Тағы жүзден астамы отандарына оралу кезегін күтіп отыр. Облыс әкімдігінде өткен апталық лездемеде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаған облыстық ПД басшысы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков Нұр- Сұлтан қаласынан шыққан жолаушылар автобусына қатысты мәліметтерді де жеткізді. Бұл орайда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев еліміздегі төтенше жағдай режимінің сақталуын қамтамасыз етуде үздіксіз қызмет ететін ішкі істер органдары қызметкерлерінің жұмысына оң баға берді. Нұр-Сұлтан қаласынан шыққан жолаушылар автобусындағы коронавирус жұқтырған азаматпен бірге келген 50 адамды шұғыл түрде анықтап, қауіптің алдын алған полиция саласы өкілдерінің қырағылығын атап өтті. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде барлық жолаушылар оқшаулануға алынып, тиісті медициналық тексеруден өтуде. Карантинге жатқызылған автобус жүргізушісі жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылады.

Сондай-ақ Өмірзақ Шөкеев барлық бақылау бекеттерінде «Сергек» камераларын орнатуды міндеттеді.

Түркістан облысы