Аймақтар • 27 Наурыз, 2020

Қордай оқиғасына қатысқан Жамбыл облысы, Алматы, Шымкент қаласының 25 тұрғыны ұсталды

675 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Қордайда орын алған қайғылы оқиға бойынша жүргізіліп жатқан тергеудің алдын ала қорытындылары туралы ҚР Бас Прокурорының орынбасары Кененбаев Ерлік Әбдірақымұлы баяндады.

Қордай оқиғасына қатысқан Жамбыл облысы, Алматы, Шымкент қаласының 25 тұрғыны ұсталды

«Жанжалдық жағдайлардың пайда болуының алғышарттары тек тұрмыстық тұрғыдағы қақтығыстар болып табылатынын атап өткен жөн. Ағымдағы жылдың 5 ақпанында Қордай ауданы Сортөбе ауылында тасжол үстінде екі түрлі ұлт өкілдерінің арасында орын алған жағдайдан қарт адамға жарақаттар келтірілген. Бұл қылмыс бойынша екі адам күдікке ілінген. Оның біреуі сот санкциясымен қамауға алынған. Жақын арада тергеу жұмыстарын аяқтап, істі сотқа жолдаймыз. Осы ауыл тұрғындарының бірі 7 ақпан күні өзінің басқаруындағы Хонда Одиссей маркалы  автокөлігімен полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай, өзінің үйіне кетіп қалған. Үйінің жанында  автокөлік жүргізушісі өзінің туыстары мен полиция қызметкерлеріне қарсы күш қолданған. Күдіктілер бірден ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған. Олардың заңсыз әрекеттері полиция қызметкерлерінің жауаптарымен ғана емес, куәгерлердің ұялы телефондарына жазылған бейнежазбалармен расталады. Осы оқиғаны интернет-ресурстардағы бейнероликтерден де көруге болады», деді Ерлік Кененбаев.

Сот үкімімен кінәлі деп табылған 3 адам сотталған.

«Осы жылдың 18 наурызындағы сот үкімімен осы үш адам кінәлі деп табылып, сотталған. Сот әрқайсысына 1,5 жылдан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Орын алған оқиғалардан соң ауданның жергілікті тұрғындары әлеуметтік желі және мессенджерлер арқылы жағымсыз хабарламаларды жібере бастады. Бұл жағдайда криминалдық элементтер пайдалана отырып, мессенджерлер арқылы әлеуметтік алауыздықты насихаттап, зорлық-зомбылық әрекеттерін жасауға шақырған. Жалған ақпараттардың ықпалына түскен көрші елді-мекендердің, басқа облыс және қалалардың тұрғындары топтасып, Сортөбе мен Масаншы ауылдарына келе бастаған Сөйтіп, 8 ақпанға қараған түні аталған ауылдарда жаппай тәртіпсіздік басталып, ол күш қолдану, тонау, мүлікті бұзу, өртеу және жоюмен ұштасқан. Өкінішке қарай, зардап шеккендер де бар. Біздің 11 азаматымыз қаза тапты, 192 азамат әртүрлі дене жарақатын алды. Оның ішінде 19-ы полиция қызметкерлері. 168 тұрғын үй, 122 автокөлік бүлінген және өртенген. Полиция күштері мен Ұлттық ұлан қызметкерлерімен жағдай бақылауға алынды», деді Бас Прокурордың орынбасары.

Оның айтуынша, қылмыстық істерді тергеу шеңберінде сот санкциясымен 7 адам қамауға алынған. Бүгін Жамбыл облысы, Алматы және Шымкент қалаларында жаппай тәртіпсіздікке белсенді қатысушыларды ұстау бойынша арнайы операция жүргізілген.

«Бүгінгі күні Мемлекет басшысының тергеудің толықтығын, объективтілігін барлық кінәлі тұлғаларды жазаға тартуды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес Прокуратура және Ішкі істер органдарының қызметкерлері қатарынан құрылған ведомство аралық жедел тергеу тобымен жаппай тәртіпсіздік жағдайы тергелуде. Барлық бүлінген объектілер мен автокөліктерге қарау жүргізу аяқталып, тиісті сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық істерді тергеу шеңберінде сот санкциясымен 7 адам қамауға алынған. Бүгін Жамбыл облысы, Алматы және Шымкент қалаларында жаппай тәртіпсіздікке белсенді қатысушыларды ұстау бойынша арнайы операция жүргізілді. Оның нәтижесінде 25 адам ұсталды. Олардың ішінде қазақтар, қырғыздар және дүнгендер бар. Оның 7-уі бұрын сотталған. Істердің тергелуі жалғасуда және біздің ерекше бақылауымызда», деді Ерлік Кененбаев.

Осы жағдайды пайдалана отырып, қазақстандықтарды тек ресми ақпаратқа сенуге және таратуға шақырды.

«Қылмыстық істердің тергелу барысында тек ресми дереккөздеріне ғана сенім артуды, әртүрлі арандатушыларға берілмеуді сұрады. Жалған мәліметтерді таратуға және жолдауға жол бермеу қажет. Сот төрелігін жүзеге асыруға және сотқа дейінгі тергеу жүргізуге кедергі жасағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 407 бабымен қылмыстық жауапкершілік көзделгенін түсіндіремін. Бүгін толық сеніммен Қордайдағы жағдай тұрақты деп айта аламын», деді Бас Прокурордың орынбасары  Ерлік Кененбаев.