Жуырда «Ауыл» партиясының ресми парақшасы адамзаттың амандығын ойлап күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей тынымсыз еңбек етіп жатқан медицина мамандарын қолдау мақсатында «Ақ қанатты періштедей ақ халатты абзал жандар» атты жыр челенджін қолға алды. Ізгі бастаманы аузы дуалы ақындар бір ауыздан қолдап, өз өлеңдерін жедел жолдай бастады.
Тіпті челенджде жарияланған жыр шумақтары сазгерлердің де шабытын оятып, дүниеге жаңа әндер де келе бастады. Аталған челенджді алғаш қолдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Дәулеткерей Кәпұлының өлеңіне белгілі сазгер, әнші Медет Салықов ән жазды. Жаңа туындыны Салықовтар отбасы «Жан ізгілерім» деген атпен ақ халатты абзал жандарға бірге шырқап берді.
Талантты отбасының орындаған әсерлі әнін әр жанұяның дертке дауа дәрігерлерге арнап айтқан алғысы деп қабылдауға болады.
Айта кетейік, челенджге қаламы қарымды ақындар өңір-өңірлерден өз өлеңдерін жолдап үн қосып жатыр. Қайрат Асқаров, Біржан Байтуов, Ербол Бейілхан сынды ақындардың өлеңдерін жұртшылық жылы қабылдауда.