Аймақтар • 28 Наурыз, 2020

Ақтауда мұқтаж адамдарға әлеуметтік көмек көрсету ұйымдастырылуда

563 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтау қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Бауыржан Сапаның айтуынша, бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес облыс орталығында арнайы жұмыс тобы құрылған. Оның құрамында қала әкімі мен орынбасарлары, құқық қорғау органдары, тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы мен өзге де мемлекеттік мекеме өкілдері бар.

Ақтауда мұқтаж адамдарға әлеуметтік көмек көрсету ұйымдастырылуда

Қала әкімнің төрағалығымен аталған жұмыс тобы күнделікті сағат 09.00-де штаб отырысын өткізіп келеді.Әкімдік ғимаратында ашылған Cаll-орталығы 24 сағат жұмыс жасайды. Орталыққа бүгінге дейін 22 тұрғын түрлі мәселелермен хабарласыпты.

- Қазіргі таңда жұмыс жасап тұрған 14 базардың азық-түлік сату бөлігінде санитарлық-дезинфекциялық жұмыстарын күнделікті жүргізіп, қызметкерлер мен келушілер үшін арнайы антисептикалық заттарды орнату жөнінде тапсырмалар берілді. Базарлар қалыпты режимде жұмысын жасауда. Базарлардың киім-кешек және өзге де тауарлар сату бөлігінің жұмыс уақыты сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін шектелді. Қала аумағында 5 мал базары бар. Үшеуі санитарлық-дезинфекциялық шараларын сақтап, қалыпты режимде жұмыс жасауда, 2 жабық. Ірі сауда орындарына әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлікке күнделікті мониторинг жүргізілуде, дейді Б.Сапа.

Төтенше жағдай мерзімінде Ақтаудағы 2 мешіт, 41 тойхана, 29 компьютер және ойын клубтары, 4 кинотеатр, сауда-көңіл көтеру орталықтарындағыбалалар ойын алаңдары, 25 мектеп, екі қосымша білім беру орталығы, 28 спорт зал, 6 бассейн, 33 фитнес орталығы жұмысын тоқтатты.

Сондай-ақ 81 мемлекеттік және жекеменшік балабақшақалыпты режимде жұмыс жасауда. Жалпы саны 15 мың 122 баланың төрт мыңы тәрбие алуда, қалғаны демалыста.

- «Біз біргеміз» - «Nur Otan» партиясы акциясы аясында қаланың жалғызбасты, көпбалалы, мүжәлсіз 260 отбасына кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар тарапынан азық-түлік және қорғану құралдары тегін берілді. Бұл ретте «Атадан Мирас» қоры қаланың жалғызбасты, көпбалалы, аз қамтылған 100 отбасына әлеуметтік көмек көрсетті,  дейді Бауыржан Сапа.

Қала бойынша кәсіпкерлер тарапынан 9300 дана бетперде тігілді, оның 800 данасы мүгедектер мен мүжәлсіз адамдарға, қала тұрғындарына тегін таратылды. 2500 данасы дәріханалар мен ательелерде сатылған.

Шаһар аумағындағы 1062 көп қабатты тұрғын үйге қызмет көрсететін 77 пәтер иелерінің тұтыну кооперативтері (КСК) бар. Оның 52-сі бүгінгі таңда 703 тұрғын үйлердің дәліздеріне санитарлық-дезинфекциялық жұмыстары жүргізілуде.

 

Маңғыстау облысы