Аймақтар • 29 Наурыз, 2020

Петропавлдың провизорлық стационарларында 36 адам жатыр

101 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше Петропавлда ТЖ талаптарының орындалуы бойынша тиісті қызметтер брифинг берді.

Петропавлдың провизорлық стационарларында 36 адам жатыр

Соның ішінде Петропавл қаласына Омбыдан келген, бойынан короновирус  белгісі шыққан әйелдің жай-күйі туралы айтылды. Қазір ол оқшаулау стационарында екен. Облыстық тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау департаменті төрағасының орынбасары Татьяна Горлова оның анализінің қорытындысы әлі толық анақталмағанын айтты. «Біз биоматериалдарды Алматының зертханасына жібердік. Өзіміз оны толықтай анықтай алмаймыз. Оның бір себебі вирус кеңінен таралмаған, ал шағын көлемнен біз ажырата алмаймыз», деді ол. Сөйтіп, аты дардай болғанымен Петропавлдың мамандары қауіпті індетті жедел анықтауда әлсіз екендіктерін көрсетті.

Қазір қаланың провизорлық стационарларында 36 адам жатқызылған.

«Транзитпен өткендердің бәрі 200 адамнан артық еді, қазір олардың 122 карантиндік режіммен, жіті бақылауға алынған. Қалғандары үйлеріне жіберілді», деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Айманов.

Қазір короновирусы анықталды деген әйелдің үйінің кіреберісі толық оқшауланған. Оның тұрғындарына тамақ жеткізіліп беріледі. Қала әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин 22 наурыздан бері жиі-жиі рейдтерге шығып, ТЖ талаптарының орындалуы қатаң бақылауда екенін айтты. «Күнде адам тасымалдауға шығатын 260 қоғамдық көліктер дезинфекцияланады.  Қажетті химикаттардың екі айға жететін қоры бар. Осы уақыт аралығында ТЖ талабын орындамаған 12 кәсіпорынның жұмысы тоқтатылып, қожайындарына айыппұл салынды», деді ол.

ПЕТРОПАВЛ