Аймақтар • 29 Наурыз, 2020

Түркістан: Ақсақалдар алқасы игі бастама көтерді

378 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облыстық ақсақалдар алқасы бастама көтеріп, арнайы әлеуметтік дүкенге демеушілер тарапынан азық-түлік пен киім-кешек жинауды қолға алды. Жиналған заттар аз қамтылған отбасыларға үлестірілетін болады. Он алты аймаққа белгіленген ауылнайлар өз өңіріндегі аз қамтылған отбасылар тізімін жасап, аптасына бір реттік тегін киім мен азық-түлік таратады.

Түркістан: Ақсақалдар алқасы игі бастама көтерді

Әлеуметтік дүкенге алғашқылардың бірі болып демеушілік жасаған облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов өз қаражатына 2 тонна азық-түлік алып беріп, ел алғысына бөленіп отыр. Депутат қайырымдылық шаралар ел ішінде жиі жасалып тұрса, әлеуметтік жағдай тұрақталып, нарықтық-экономикалық ахуал реттелетін еді, деп есептейді. Облыстық ақсақалдар алқасының бастамасы да бағаны тұрақтандару бойынша жасалып жатқан істердің бірі.

Ал Мақтаарал ауданында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында, кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізілген. Нәтижесінде, бұған дейін бағасы 8200 теңге болған «Пионер» ұны аудан орталығы Мырзакент кентіндегі «Бахтияр» сауда орталығы мен осы орталыққа қарасты 4 дүкенде және Атакент кентіндегі қоймада 7700 теңгеден сатылуда. Елімізде Төтенше жағдай жариялаған күннен бастап Мақтаарал ауданының базарлары мен азық-түлік дүкендерінде баға өсімдері байқалған. Соңғы күндері ұн, картоп, қарақұмық сияқты азық-түлік бағалары көтерілген болатын. Мәселен, картопқа шектік рұқсат етілген баға 132 теңге болса, ауданда 160 теңгеге дейін өскен. Сол секілді қарақұмыққа шектік рұқсат етілген баға 302 теңге болса, 350 теңгеден сатылған. Осы орайда аудан әкімі Бақыт Асанов базарлар мен сауда орталықтарына арнайы барып, кәсіпкерлермен жеке-жеке кездесті. Еліміздегі жағдайды айтып, мұндай кезде халыққа көмектесу керектігін түсіндірді. Нәтижесінде,  ұн мен картоптың бағасы төмендеді.

Түркістан облысы