Сұхбат • 29 Наурыз, 2020

«Өз Абайымды» жазып кетсем, арманым жоқ

833 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

«Менің сүйікті кітабым – Құран-Кәрім, ал ерекше жақсы көретін ақыным – Сергей Есенин» дейді бүгінде жетпіс жастың желкенін керген ақиық ақын Серік Ақсұңқарұлы.

«Өз Абайымды» жазып кетсем, арманым жоқ

Осыдан жарты ғасыр бұрын  қазақ әдебиетіне «дауылдай өртке тиген өлеңімен» құбылыс болып келген ақын поэзия патшалығының төріндегі орынтағынан әлі түсе қойған жоқ. Қайта, қайырып салған қырандай шығармашылық жұмыстың «қызылына» құлшынысты шабытпен бұрынғыдан бетер шүйіле түскен көрінеді: күн демей, түн демей жазу үстіндемін дейді өзі.

Жазудың мехнатынан жанының дауасын тапқан бөрі тектес ақынмен мерейтойының алдында жолығып, аз-кем әңгіме-дүкен құрған едік. Мархабатпен ұсындық сіздерге!

– Биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойы. Өзіңізді хакім салған сара жолдағы сана биігіне көтерілген ақынның бірі санайсыз ба? Сіздің Абай – ол қандай Абай?

– Абай – Алаштың рентгені! Бәріміз де кеудемізді ашып соның алдында тұрмыз: кеудемізде қандай өрт? Көкірегімізде нендей дерт?! Соның бәрі Абайдан айнаға түскендей көрініп тұр!

Басына күн туғанда ғана Алласын еске алатын өлімге бола туған маңдайы қушық пенде құсап, мен де тағдырдың тәлкегіне түскенде Абайдың қара томдарына үңілемін, сонда ол сол сәттегі көңіл күйді тап басады! Дертіме одан басқа дауа таппай барамын: «Абай 1902 жылдан кейін өлең жазған жоқ» дейді Мұхтар Әуезов. Ол сонда елу төрт жаста екен. Жетпіске келген мен де бұрқыратып жазып жатырмын. Не тындырдым?! Қаламдастарыма қарасам, өзіме деген бір қанағат сезім лып етіп, Абайға қарасам… көкірегім сыздап, көңілім құлазып кетеді – екі оттың ортасында жүрмін мен! Оны оқыған сайын өзгелерге ғана емес, өзіме өзімнің көңілім толмай, көкірегім қарс айырылып барады… Ақын көп болмайды ғой. Абайдың тұсында, Мағжанның, Қасымның тұсында қаншама ақындар болды. Абайдың тұсында да қора мен қопсының айналасындағы ақындар болған. Бірақ, Абай бір өзі тарихта қалды. Негізі шын ақындардан гөрі нашар ақындар көп. Оның бәрін уақыт сұрыптайды.

Әйгілі боксшы Мұхаммед Әлидің рингтегі теңдессіз мәнерін қайталаймын деп ауыр салмақта өнер көрсеткен былғары қолғап шеберлерінің бүтіндей бір буыны далада қалған екен. Сол сияқты Сіздің поэзиядағы қайталанбас қолтаңбаңызға еліктеп, сізше жазған, жазып та жүрген ақындар бар. Бұлар сонда дұрыс жолмен келе жатыр деп ойлайсыз ба?

– Бір кезде Тұманбайға еліктедік, Жұмекеннің тереңіне де сүңгіп көргіміз келді. Қадағаның қалың ой орманына кіріп кетіп, адасып, шыға алмай жүрдік. Мұқағалиды пір тұттық. Бұл - заңды құбылыс. Қандай талант болсын, тақыр жерден шықпайды, құнарлы топырақтан ғана туады. Аллаға шүкір, біз туған Атырау-Арқа-Алатау-Алтай аймағы адамзат қауымдастығының саяси картасындағы ешкімге ұқсамайтын ұлан байтақ өлке еді. Мұнда үш мың ғасырдай Салт Атты Көшпелілер өркениеті салтанат құрған! Ұлы Мағжан асқақтата жырлаған Тұран жері бұл! Эпос Елі!

Асан Қайғы  –  Қарт Абыз, –

Алды жарық болған, міне, арты  –  аңыз.

Анам  – Ұмай.

Атам  –  Көк Түрік.

Қызым  –  Қыз Жібек.

Ұлым  –  Алпамыс!

Жерден жеміт теріп жеген қулардың,

Тәлкегіне түсіп қалай уландым?

Бал  –  тандайым.

Жарқырап ақ мандайым,

Мен  – Эпостан туғанмын.

Көз жұмылса – Көк Тәңірді көрем кеп,

Көкте жүргем.

Көрген емен төмендеп:

«Қозы Көрпеш  –  Баян Сұлу» дейтұғын

Жырдан туғам  –

Өне-бойым өлең боп.

Бесікке де туа жырмен бөленген,

Өлеңменен өреленген төл ем мен.

Өмірмен де Кемпірбайша егіліп,

Хоштасқанмын өлеңмен!

Алтындайын хиссаға аптап өз басын,

Боздаса жұрт мына мендей боздасын:

«Қозы Көрпеш-Баян Сұлу»  –  жанардан

Аягөзге тамып кеткен көз жасым!

Жанақтайын жасын болып жарқ етіп,

Қасым болып, –

Қараорманға ант етіп, –

О, Ғаламзат!

Саған ұшып келемін,

Махаббатсыз дүниені тәрк етіп!

...Атша тулап,

Алпыс екі тамырымның бүлкілі,

Сағыныштан сарғайды іздеп түркіні;

Үйсін,

Арғын,

Адай болып алдым да,

Абай болдым бір күні...

Біз алдымыздағы аға буынды әулие көріп, пір тұтқан буынбыз, өз соқпағымызды тауып алсақ дедік. Олар болмаса, біз де жоқ едік. Сенің сауалың Андрей Вознесенскийдің «Повторение – мать творения», дегенін еске түсіреді.  Біз осындағы «шала шекспир», «болмай қалған белинскийлер» құсап «бізге дейін жөнді әдебиет болмаған...», деп ойлаған да, айтқан да емеспіз... Өкінішке қарай, сол сөзді бір шикі балалар айтып жүр қазір...

1986 жылғы желтоқсан қозғалысы кезіндегі Қарағандыда болған стихиялы түрдегі митингте бір жас жігіт Сіздің «Қасқырдың монологы» атты өлеңіңізді оқығанда, жұрттың ерекше тебіренгені есте қалыпты... Осы өлеңді қанша жасыңызда, қандай жағдайдың күйінде жазып едіңіз?

– Ұмытпасам, бұл өлең өткен ғасырдың 70-ші жылдары жазылды. Азаттықты аңсап, Көкбөрі болмыстың іштегі қыжылдың сыртқа шығуын қалаған тілектен туған ғой жыр ғой. Байқаймын, жастарға бұл өлеңім ұнайтын болса керек, орта толған түрлі отырыстарда оқиды екен дегенді естимін...

Ал енді, желтоқсан оқиғасы кезінде  оқылғанын білмейді екенмін. Өлеңнің осындай тағдыршешті кезеңдегі тарихи оқиғалар үстінде оқырман жүрегіндегі тілекпен қауышқанына қуану керек, әрине. Яғни, ол өзінің миссиясына адал деп есептеуге болатын шығар.

– Осы жасқа дейін жергілікті атқарушы биліктің оң назарында болып келесіз. Мұны Сіздің тіл табысуға ұста дипломатиялық қабілетіңіз деп қабылдаймыз ба, әлде биліктің атақты ақынды өзіне ниеттес етіп алуда ұстанған сұңғыла саясатының жемісі деп бағалаймыз ма?

– Бұдан «дипломатия» іздеудің керегі жоқ, жаңа қоғам құрып жатқан еліңе қалайша сыртынан сынап, мінеп қарап тұрасың? Бір формациядан екінші формацияға өту қиямет-қайым дүние. Орыны ойсыраған кемшін заттар қайтсе де болмай қоймайды. Ауыр жүкті еліңмен бірге көтеру – менің азаматтық позициям, міне, осы! Ел не десе о десін!

– Сіздің шығармашылығыңызды жақсы білетін аға буын өкілдерінен егер Серік Ақсұңқарұлы проза саласында қалам тербегенде, ол ақындығынан әлдеқайда қуатты болар еді дегенді естіп едік... Сіз мұнымен келісер ме едіңіз?

– Мен үшін проза да – поэзия! Айырмашылығы – ақынның прозасы ол.

– Жазба ақындарының мүшәйрасы көбейді. Сонымен бірге, бұл салаға жең ұшынан жалғасқан сыбайластық сипаты бар іс-әрекеттердің сіңе бастағаны туралы да әредік айтылып қалып жүр. Қазылар алқасында жиі отырасыз, Сіздің пікірмен жұрттың бәрі санасады. Осы тұрғыдан келгенде, жоғарыдағы сыни пікірлердің жаны бар деп ойлайсыз ба?

– Мүшайра – бүгінде жазба ақындардың күнкөріс көзі. Күнкөріс жүрген жерде дау-дамай да жүреді... Қаламақы мәселесі жөнімен шешілсе, ақындардың онда несі бар?

Сіз ұзақ жылдар Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды бөлімшесін басқардыңыз. Осыдан біраз жыл бұрын Сіздің әріптестеріңіздің бұл саладағы жұмысыңызға сын айтқаны есте. Бүгінгінің биігінен бұған қандай жауап берер едіңіз және сол бөлімшенің тізгінін сенімді қолға тапсырдым деп ойлайсыз ба?

– Жазушылар одағы деген қашанда дау-дамайдың ордасы болған. Совет өкіметі кезінде сондай еді, қазір, тіпті, оның дауы күннен-күнге өршіп барады. Мен 1991 жылдан осы одақтың Қарағанды, Жезқазған облыстарындағы бөлімшесін басқарып едім, абырой да, алғыс та алмадым. Алатын айлығы өз алдына, отыратын кеңсем де болған жоқ. Бірақ, қолдан келген жұмысты атқардық. Қарағанды бір кездегі Карлагтың ту тіккен жері ғой. Жаңа ғана қазақтанып, ұлттық нақыш рең ала бастады. Соның бәрі оп-оңай бола салды деп ойлайсың ба? Әлі есімде, 90-жылдары Қарағандының Советская даңғылына Бұқар жыраудың атын береміз деп, жылқышыға жыр, қойшыға сөз болғанбыз. Алекин деген бір жазарман Абайдың «Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау, Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау...» дегенін тауып алып, осы да ақын ба деп, Қарағандыны бір шулатқан! Оны оған қазақ аударып берген! Ал, керек болса?! Мен сол кезде «... ойына келгенін істей ме?!» деп «Орталық Қазақстан» газетіне мақала жаздым. Сонда облыс әкімі Петр Нефедев «Ұлт араздығын тудырып жатыр» деп мені соттатып жібермек болған...

Лениннің ескерткішін алу да оңай болды ма бізге? Қарағандыда қалалық әкімдіктің алдында ақ маңдайы жарқырап Қаздауысты Қазыбек тұр! Олай-бұлай өткен жүргіншіні керуен сарайдың алдынан Қаныш Сәтбаев қарсы алады! Арада 100 жыл өткенде кір жуып, кіндік кескен жұртына Қасым ақын қайтып келді! «Сарыарқа» кітапханасы айдарымен Қарағанды қаламгерлерінің 100 томы жалғанның жарығына шықты, Қаздауысты Қазыбектен жап-жас Мирас Асанға дейінгі жыр тәжі бұл! Әр екі ай сайын республикалық «Қасым» журналы жарық көріп тұрады. Енді Арқада «Қасым үйі» шаңырақ көтергелі жатыр. Осы оқиғалардың бел ортасында Қазақстан Жазушылар одағының облыстық бөлімшесі жүрді ғой!  Мынау өлең сол кезде жазылған:

Қазақстан Жазушылар одағының филиалы,

Етек-жеңін енді кеп жинады.

Оны қинаса, –

Совет өкіметі қинады;

Қаз Дауысты Қазыбектен –

Мирасқа дейінгі буынның жүз томын,

Оған Тәңірі сыйлады!

Етек-жеңін енді кеп жинады.

Мен оған сыймасам қайтейін,

Бір кезде Жақаң да* сыймады...

Жарқырап Күн дидары,

Етек-жеңін ел жаңа жинады.

... 70-ке, 80-ге келгенше жазбаған дүниеңді,

Жазып бере ме –

Жазушылар одағының филиалы...

(*Жайық Бектұров – Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды-Жезқазған облыстық бөлімшесінің жауапты хатшысы (1957-1990 ж.ж. – Қ.Ә)).

Осыдан бір-екі жыл бұрын өз өтінішіммен одан кеттім. «Орныма менен гөрі іскер, менен гөрі талантты жасты қою керек» деп ұсыныс жасадым. «Ондай адам бар ма?» деді. «Бар, «Қасым» журналының редакторы Серік Сағынтай» дедім. Қазір филиалды сол жігіт басқарып жүр.

«Қазаққа ес кіргенде, Абай ескіреді» деген сөзді Сіз өз биігіңіз тұрғысынан қалай ұғынып, қайтіп тәпсірлер едіңіз?

Біреулер Асқар Сүлейменовтің  «Қазаққа ес кіргенде, Абай ескіреді» деген сөзін қағып алып, сан-саққа жүгіртіп жүр. Абай да уақытша екен деп мәз-мәйрам болады! Өздері ғана мәңгілік секілді... Абай ескірмейді! Қазақ халқы қандай мәңгілік болса, ол да мәңгілік! Мұхтар Әуезов өзінің дәуірнамасын неге «Абай жолы» деп атады? Алаш мәңгі ел болғысы келсе, осы Абай жолымен жүруі керек дегенді ишарат қылғаны ол! Алланың жолына түсу үшін ең әуелі Абай жолына түсуіміз керек-ті. Асқардың да жұмбақтап айтып отырғаны осы ғой! Асқар Сүлейменовті індетіп оқысаң, оның Абайды қалай пір тұтқаны тайға таңба басқандай көрініп тұр ғой. «Мен Шыңғыстауға Абайдың басына күллі күнәмнан арылу үшін барамын!» деген жоқ па?! Хакімді қызыл сөздің қыжыртпасына айналдырмай, біз де оны, оспадар ойымыз бен күллі күнәміздан арылу үшін тобыр болмай, ел болу үшін басымызға жастанып оқуымыз керек! Ұзын сөздің қысқасы – осы!

Сіз үшін атақтың қандай пайдалы жағы бар? Мысалы, Сіз бірнеше рет Мемлекеттік сыйлыққа үміткер ретінде ұсынылып, лауреаттыққа қол жеткізе алмай қалдыңыз. Осы жайт Сіздің жан-дүниеңізге, шығармашылығыңызға кері әсерін тигізді ме?

– Ешкімге ешқандай да ренішім жоқ. Бұл сыйлықты мен түгілі кезінде Қасым да, Мұқағали да ала алмаған...

– Сіз өзіңіздің ең басты шығармаңызды жаза алдыңыз ба? Жалпы, шығармашылық өмірде болсын, былайғы пендеауи тірлікті алғанда, өзіңізді төрт құбыласы түгел бақытты жанмын деп санайсыз ба?

– Біз Абайдан кері, кейін шегініп барамыз! Біздікі бос әуре екен, әттең, Қасым, Мұқағали, Жұмекенді де осылай бір сүзіп шығатын біреу болса, Өлең жазудың техникасын меңгеріп алып, бұрқыратып жаза беретін профессионалдық ақындықтың да айықпас бір дерт екенін Александр Блок баяғыда-ақ айтып кетіпті. Алдымызда Абайдай ұлы үлгі тұрғанда мұнымыз не?! Енді ғұмырым жетсе, «Өз Абайым» (М.Цветаеваның «Мой Пушкині» секілді) туралы бір кітап жазып кетсем, арманым болмас еді. Енді, Алла жазса, соған отырамын!

– Жас кезіңізде сізді қолына домбыра алып, айтысқа қатысқан деп естідік. Осы рас па? Жалпы, поэзияда жазба ақын мен айтыскер шайырды салыстыруға бола ма? Немесе айтыскерден жауһар дүниелер тудыратын жақсы ақын шыға ма?

– Әлі есімде, өткен ғасырдың 80-жылдары аудан, совхоздарда да айтыс болды. Біз сөзін жазып береміз, біреулер әнге салып айтушы еді. Айтыс кейіннен, 90- жылдары ұлттық нақыш алды ғой. Суырып салып айту өнері қазақ, қырғызға тән ерекше өнер-ді... «Кемпірбайдың Әсетпен бақұлдасуы» деген бір жыр бар.  Әлем әдебиетінде жоқ мұндай жауһар дүние! Қазақ ақынының суырып салып айтқан жыры! Сол өлең түпнұсқадағыдай көркем қалпында басқа тілге тәржімәлана ма?

Сол Кемпірбайдан бізге жетіп, жиырмасыншы ғасырдың шаңына көмілген айтыс өнерін арқасына аруақ қонған Жүрсін Ерман бетіндегі шаң-тозаңын сүртіп, жеті қат жердің қалың қатпарынан суырып алған еді. Кейінгі кезде ол да қожырап барады...

Бұл көшпелілердің өмір сүру салтының бір түрі еді. Оны осы заманғы поэзиямен салыстыруға болмайды!

– Қазіргі таңда сізді әлем бойынша, сонан соң Қазақстанды алғанда не нәрсе қатты алаңдатады, толғандырады?

– Алаңдататын дүние көп-ақ. Мынау қытайдан келген коронавирус, теңгенің құнсыздануы да оңай болып тұр ма? Мәселе – осыдан аман-есен өтуде. Оған қазақтың ерік-жігері жетеді деп ойлаймын.

– Қазақстан Жазушылар одағының қазіргі жұмысына көңіліңіз тола ма? Жалпы, біздің қоғамда өзінің азаматтық позициясын батыл білдіріп жүрген ақын-жазушылар деп кімдерді атай аласыз?

– Қазақстан Жазушылар одағының бүгінгі қолға алып жатқан істеріне көңіл тояды. Осы күнгі қазақ жырының інжу-маржаны БҰҰ-ның алты тілінде жарияланып жатыр, оның ішінде менің де біраз өлеңім бар. Екі бірдей халықаралық форум өтті. Әзірге бұл аз шаруа емес, әрине.

Азаматтық позициясыз әдебиет болмайды. Қоғам, заман туралы өзінің батыл ойларын ортаға салып жүрген қаламгер көп-ақ. Қаншама жыл болды, жазғанына қаламақы алмай-ақ жазып жатқан кімдер? Қазақ қаламгерлері!

– Ана үшін баласының бәрі бірдей. Дегенмен, ана екеш ананың да жасырып жақсы көретін баласы болуы мүмкін ғой. Осы тұрғыдан келгенде, Сіздің поэзияда бағыңызды ашқан, былайша айтқанда, қазір басқасынан жоғарырақ бағалайтын туындыңызды атай аласыз ба?

– Ақынның соңғы өлеңі жанына жақын болады. Дегенмен, көзіме ерекше ыстығы – «ХХ ғасырдың 20 сәті» атты поэма-панорама. Оның алғашқы нұсқасы «Социалистік Қазақстанның» бір бетін тұтас алып шығып еді бір кезде. Сондықтан, «Егемен Қазақстанның» орны маған елден ерек бөлек!

– Әңгімеңізге рахмет. Сом жүрек соғысынан, жүйрік қалам сілтесінен жаңылмасын!

 

Әңгімелескен Қайрат ӘБІЛДА,

«Egemen Qazaqstan»

ҚАРАҒАНДЫ