Экономика • 30 Наурыз, 2020

Несие төлеуді тоқтата тұру тәртібі

2737 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тө­тен­­ше жағдайды енгізу нә­ти­­­жесінде зардап шеккен ха­­лықтың, шағын және орта бизнестің қарыздары бо­­йынша негізгі борыш пен сы­­йақы сомаларын төлеуді тоқ­тата тұру тәртібін бекіт­ті.

Несие төлеуді тоқтата тұру тәртібі

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында аталған агенттік Қазақстан қар­жы­­герлері қауымдастығымен, екін­ші деңгейлі банктермен және мик­ро­қаржы ұйымдарымен аталған мәселені жан-жақты пысықтаған.

Бұл тәртіп екінші деңгейдегі банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, ломбардтарға, онлайн-кредиттеу компанияларына, кредиттік серіктестіктерге, оның ішінде бұрын көрсетілген ұйымдар болып табылған заң­ды тұлғаларды қоса алғанда, ми­кроқаржылық қыз­мет­ті жүзеге асы­ратын ұйым­дар­ға қатысты қол­данылады. Негізгі борыш пен сыйақы сома­ларын тө­леу­ді тоқ­тата тұру кредиттік ұйым­дар 2020 жылғы 16 наурызға дейін берген барлық банктік қа­рыз­дарға және микрокредиттерге қол­да­нылады және 2020 жылғы 16 наурыз – 15 маусым аралығындағы 90 күн кезеңіне беріледі. Халықтың барынша осал топтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін банктік қа­рыз және микрокредит шартта­ры бойынша негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдерді тоқ­та­та тұру өтініштерді, растайтын құ­жаттарды талап етпей және қо­сым­ша келісімдерге қол қоймай, қарыз алушының келісімімен жеке тұл­ғалардың әлеуметтік санаттары үшін жүзеге асырылады. Сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар, халықты жұ­мыс­пен қамту мәселелері бойынша жергілікті органда тіркелген жұ­мыссыздар тізімдері кредиттік ұйым­дарға Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің және кредиттік бюролардың ақпа­ра­ты негізінде ұсынылады.

Қаржылық жағдайы нашар­лаған жеке тұлғаларға банктік қарыз және микрокредит шарттары бойынша негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдерді тоқтата тұру өтініш негізінде, растайтын құжаттарды ұсынбай-ақ карантиннің енгізілуіне бай­ланысты уақытша жұмысқа жа­рам­сыз; ақы төленбей еңбек демалы­сында жүрген; жұмыстан шық­қан, еңбек шартын бұзған және өзге еңбек шартын тоқтатқан; жа­ла­қысы немесе өзге кірістері тө­ме­ндетілген немесе төлеу тоқта­тыл­ған; егер қызметкер аумағында төтенше жағдай және (немесе) ка­рантин қолданылатын жерге баруына (шығуына) шектеу қойылуына байланысты жұмыс ор­нында бола алмаған жағдайда; қар­жылық жағдайының нашарлауын куәландыратын өзге де себептер негізінде жүзеге асырылады.

Қарыз алушының өтініші қар­жы­лық жағдайдың нашарлау себе­бін көрсете отырып еркін ны­санда жасалады, электронды пошта, «банк-клиент» жүйесі, ұйымның ин­тернет-ресурсы, мобильді қо­сым­ша және басқа да байланыс құ­ралдары арқылы жіберіледі. Кре­диттік ұйым қарыз алушының өті­нішін 10 жұмыс күні ішінде қа­райды.

Өтініш кредиттік ұйымға кез келген сәтте 2020 жылғы 16 нау­рыз – 15 маусым аралығындағы кезеңде беріле алады. Бұл ретте кре­диттік ұйымда жеке тұлға­ның қаржылық жағдайының нашарламағаны туралы ақпарат болған жағдайда бас тарта алады. Төлемдерді тоқтата тұру кезеңінде кредиттік ұйым қарыз алушылар бойынша шағым-талап жұмысын және мерзімі өткен берешекті өтеу қажеттілігі туралы қарыз алушыны хабардар етуді тоқтатады.

Ал шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде жеке кәсіпкерлерге банктік қарыз және микрокредит шарттары бойынша негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдерді тоқтата тұру қарыз алушының өтініші және қаржылық жағдайының нашарлағанын растайтын құжаттар негізінде жүзеге асырылады. Бұл ретте кредиттік ұйым төмендегідей жағдайларда тоқтата тұру туралы шешім қа­был­дайды. Мәселен, қызметі төтенше жағдай режімімен шектелген экономика салаларында қызметті жүзеге асыру, оның ішінд­е: азық-түлік дүкендерін, дәріханаларды және оларға байланыс­ты жеткі­зілімдерді қоспағанда, сауда секторы, ойын-сауық-сауда орта­лықтарын жалға алушыларды қоса алғанда, халық тұтынатын та­уарлардың дүкендері, тауарлар жеткізу тізбесі, туроператор­ларды және турагенттерді қоса алғанда, спорт, туризм және қо­нақүй бизнесі, азық-түлікті және дәрі-дәрмекті тасымалдау­ды қоспағанда, жолаушылар және жүк тасымалдау секторы, мейрамханаларды және кафелерді қоса алғанда, қоғамдық та­мақтану секторы, тұрмыстық қыз­мет көрсету секторы, театрлар­ды, кинотеатрларды, фото және бейне түсіруді, көрмелерді және конференцияларды қоса алғанда, бос уақытты және демалысты, мере­ке­лерді ұйымдастыру, сән са­лондары және фитнес орта­лық­тары немесе төтенше жағдай режі­мінің қолданылуы кезеңінде са­тылған тауарлар және (немесе) көрсетілген қызметтер кө­ле­мінің төмендеуі, сатып алушы­лар­дан ақы төлеу мерзімдері ке­шік­тірілгені, тоқтатыла тұр­ға­ны, ауыс­тырылғаны (мерзімі ше­ге­рілгені), қызметкерлердің штат санының қысқарғаны расталған кезде немесе басқа объективті себептер бойынша қаржылық жағ­дайы нашарлаған жағдайда тоқ­та­ты­лады.

Сондай-ақ 2020 жылғы 16 нау­рыз –15 маусым аралығындағы кезеңде кредиттік ұйымдар төлем­дер­ді тоқтата тұру туралы өтінішті қара­ғаны және тиісті шарттарды өзгерткені үшін қарыз алушы­дан комиссиялар мен өзге де төлем­дер­ді алмайды.