Руханият • 30 Наурыз, 2020

24 жастағы Айбек «Алтын Орда» күйін шығарды

327 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр - Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының «Қорқыт» этно-ансамблінің өнерпазы, домбырашы әрі топтың концертмейстрі Айбек Әрімбек Алтын Орданың 750 жылдығына арнап күй шығарды. Күйшінің айтуынша бұл туынды бір жетінің ішінде туған.

24 жастағы Айбек «Алтын Орда» күйін шығарды

– Күй өте жылдам темппен орындалады. Бұдан қазақ батырларының бейнесін көруге болады. Жалпы, жастарымызға патриоттық рух беру үшін шығарылған дүние. Үш бөліммен тұратын күй шамамен екі минутқа созылады, – дейді Айбек Кенжебайұлы.

Алматы облысы Кербұлақ ауданы, Қарашоқы ауылының тумасы, 24 жастағы өнерпаз шығармашылыққа 14-15 жасынан бастап бет бұра бастапты.

– Әкем үйірмеге қатысып, домбырашы болғанымды қалайтын. Бастапқы кезде домбыраға деген мүлдем қызығушылығым болған жоқ. Бір күні теледидардан домбырашы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Мұрагер Сауранбаев ағамыздың жеке концертін көріп қалдым. Концерт аяқталған соң барша көрермен қол соғып, жылы лебізін білдіріп жатты. Домбырашының таланты, шерткен күйінің күмбірі жүрегіме өте қатты әсер етті. 2011 жылы Алматы қаласындағы П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжіне күйші,президент стипендиясының иегері Ақбасов Саят Қырғызбайұлының сыныбына түсіп, оны тәмамдаған соң Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетіндегі дәстүрлі өнер факультетінің «Домбырашы» мамандығын профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор Орынбай Дүйсен Кәріғұлұлының сыныбында оқып шықтым, – дейді күйші.